МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Сапарбай болыс кім болған?

 

Өткен тарихтың көмескі қалған беттері енді ашылып жатыр. Ұзақ ғасырлар бойы ел мүддесін ойлаған азаматтарымыздың жарқын бейнелері терең шыңыраудан қазылып алынып, өз халқына кеңінен таңылуда. Ұмыт болып кеткен есімдердің бірі Түркістан қаласында отыз бес жыл болыс болған қазақтың біртуар ұлы Сапарбай Мырзабайұлы еді. Сапарбай 1851 жылы туып, 1904 жылы қайтыс болған. Түркістан халқы күні бүгінге дейін Сапарбай болыс туралы түрлі аңызға бергісіз әңгімелер айтады. Сапарбайдың әкесі Мырзабай Қоқан хандығы кезінде Түркістан қаласының датқасы болыпты. Сапарбай болыс Түркістан қаласын билеп тұрғанда көптеген медреселер ашқан. 1994 жылы «Қазақстан» баспанасынан журналист Жолтай Әлмашұлының «Сұлтанбек Қожанұлы» деген кітабы жарық көрді. Сапарбай болыс туралы осы кітапта жақсы пікірлер айтылады. Сапарбай болыс ержүрек, әділ де қатал әрі ақынжанды жан болыпты. Ол он жеті жасында болыс сайланған. Сапарбай жастай билер дауына араласқан. Оны ел ішіндегі дау-шарға, бітімгершілікке әкесі Мырзабай датқа тәрбиелеген екен. Бірде Мырзабай датқа Сапарбайды жанына ілестіріп Бұзау болыстың ауылына барады. Оларды Бұзау болыс салқын қабылдапты. Мырзабай датқа өзінен жасы кіші Бұзау болысқа өзі бірінші болып қол беріп амандасыпты. Бұзау оған қолын әзер ұсынады. Қағылез аңғарымпаз бала Сапарбай оны сезіп қалыпты. Ол Бұзаумен амандаспай тұра береді.

— Бұл көргенсіз маған неге сәлем бермейді? Жасым үлкен емес пе? Кімнің баласы өзі? – депті, Бұзау болыс шамырқанып.

— Өзіңізден алған өнегем. Үлкен келіп кішінің қолын алғанын еліңнен көргенім болды. Жасы үлкен әкем Мырзабай датқа сенің қолыңды алды. Мен бұл кісінің ұлы Сапарбаймын. Орныңыздан тұрып менің қолымды алыңыз. Еліңнен алған үлгім осы, — депті, бала Сапарбай. Бұзау болыс ұялып орнынан тұрыпты. Мінезі өткір, өжет Сапарбайға таңырқап қарай беріпті. Ол кезде ол он үш-ақ жаста екен. Ел арасында «Сапарбайдың бір қолы – мың қол» деген аңыз бар. Бір жылдары қасына Құжым батырды ертіп Шудың бойын жағалап, құс салып, аң аулап келе жатқанда ну қамысқа тап болыпты. Қалың қамыс арасынан бейғам келе жатқан Құжым батырға шапқалы тұрған жолбарысты көріп қалған Сапарбай қорамсаққа қол салып, садақпен жолбарысты дәл маңдайынан атып өлтіріпті. Сасып қалған Құжым батырға «Ана сарыала мысықты қанжығаңа байлап ал» деп, Сапарбай әзілдепті. Оның ержүректігіне осы аңыз дәлел бола алады…

Сапарбай болысты халық «Қазақтың қары ишаны» атапты. Түркістанда көбіне көп «ишан» деген атақты қожалар алған. Сол заманда Сәруар ағзам сынды ғұлама қожалар өмір сүрген. Олардың әкесі Айқожа ишан болған. Ол кездегі ислам заңы бойынша би мен болыстар ишанға мойынсұнған екен. Дінді сыйлаған халық ишанның айтқанын тыңдаған. Айқожа ишан (Дуана қожа) Сапарбайға «ишан» деген ардақты ат бергізген.

Сыр елінде Әйтеке деген болыс үш жүздің игі жақсыларына шақырту жіберіп, сауын айтып, әкесіне ас беріпті. Түркістаннан Сапарбай болыс барыпты. Қазақтың дәстүрі бойынша сыйлы қонақтарға Әйтеке болыс өзі келіп, сәлем береді екен. Бірақ, Әйтеке Сапарбайға келіп қол алмапты. Көрсе де көрмеген болып өтіп кетіп жүріпті. Ол кезде Сапарбайдың атағы аспандап тұрған кезі еді. Сапарбай қатты ыңғайсызданып, асқа алып барған он атан түйе мен отыз жылқыны сәлем ретінде жіберіп, өзі үйде жатыпты. Аста аламан бәйге болып, үш жүз аттың алдында Әйтеке болыстың аты бірінші, Сапарбайдың аты екінші болып келіпті. Әбден мастанған Әйтеке жүйрік атын бір жігітке беріп, оның терін суыту үшін  Сапарбай болыс отырған үйдің жел жағына апартып, ары-бері жүргізе беріпті. Желмен бірге жылқының тер сасыған иісі тамақ ішіп отырған Сапарбайдың мұрнына келіп, ол жиіркенеді. Бұдан өткен мазақ бола ма? Басынан құс ұшырмайтын, ауыздыға сөз бермейтін Сапарбай болыс жанындағы Битау батырға:

— Ана жылқыны үйдің алдына әкеліп байлап қойыңдар, — депті. Битуар батыр барып жүйрік аттың шылбырын жігіттің қолынан жұлып алып, өзін ұрып соғып қуып жіберіп, қазық ағашқа байлап қояды. Таяққа жығылған жігіт Әйтеке болысқа барып бәрін баяндайды. Сапарбай отырған үйге ашулы Әйтеке болыс кіріп келіп:

—  Әй, Сапарбай, бұл саған Түркістан емес. Сен менің астымдағы бәйге атымды танығалы келдің бе? – депті. Сапарбай орнынан қарғып тұрып:

— Әй, Әйтеке! Мен Түркістаннан сенің іші боқ атыңды бағу үшін емес, өзіңді азамат ретінде тану үшін келдім. Дос болсаң, жолыңды айт. Мен Мырзабай датқаның ұлымын. Бір ат емес, саған мың тұлпар сыйлауға құдіретім жетеді, – деп, өктем жауап қайырады.

— Мен де сені сынау үшін қасақана істеп едім. Даңқың үш жүзге тараған, Сапарбай, сен адамзаттың қыраны екенсің. Кел! Кел! Төс соғыстырып, қазақшалап көрісейік, — деп, Әйтеке болыс Сапарбайды қаусыра құшақтапты. Сапарбай болыс көп ұзамай жанына Тойжан, Ыбырайым билер мен Битабар батырды ертіп Ақсүмбеге бет алады. Жолдағы Күмісті деген жерге келгенде қатты науқастанып қайтыс болады. Сапарбай болыс алты әйел алған кісі екен. Сапарбайдың кіші әйелі Назым сұлу Түркістандағы жетімдер руынан шыққан Балғабай болыстың қызы екен. Сапарбай болыс нашарлап жатқанда Тойжан би сауға сұрап оның өсиетін тыңдапты. Сапарбай өзінің үрім-бұтағына ақырғы аманатын  айтыпты. Назым сұлуды ұмытып кетіпті.

— Назым сұлуды кімге қалдырасың? – депті Тойжан би тұтқиылдан.

— Оған қам жемеңдер. Алла оны мен үшін ғана жаратқан. Оны өзіме қалдырыңдар. Соңғы аманатым осы, — деп, Сапарбай болыс ақырғы тілге келіпті. Сапарбай болыстың қырқын берген күні Назым сұлу қаза тауыпты.

Алдыңғы ақпарат

Дәурен Абаев мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ұйымдардың жұмысымен танысты

Келесі ақпарат

Музей қорындағы Австро-Венргия корольдігінің алтын дукаты