МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – мемлекет және қоғам қайраткері

Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев (1912—1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген.

Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеу Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітірген.

Тау кен инженері мамандығын алған Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып істейді. Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942—52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады. Дінмұхамед Қонаев 1955—60 және 1962—64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960—62 және 1964—86 жылдары. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП-ның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылы СОКП Орталық комитетінің мүшесі.

Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.

Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. 1960 жылдар басында Н.С. Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.

1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Дінмухамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. 18 минут өткізілген пленумда орнына Ульяновск облысынан Г.В. Колбин отырғызылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.

Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Алдыңғы ақпарат

ҚР Президентінің Жарлығымен Дәурен Абаев ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалды

Келесі ақпарат

Халық этнографиясы