«Әзірет Сұлтан » мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК Facebook әлеуметтік желісінде кесенеге байланысты жарияланған сыни пікірге төмендегідей мәлімет береді.
Бұдан үш жыл бұрын Ясауи кесенесі қорғанының жанында қала жұртшылығымен кездесу өткізген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаев: «Түркістан облысын құрдық. Енді бар жағынан соған лайық болуымыз керек, тұрмысы жағынан да, мәдениетіміз жағынан да…», — деген болатын. Жағымды өзгерістер мен жаңалықтар күнделікті көз алдымызда өрбіп жатыр. Дегенмен, өз атын осылай өрнектейтіндер табиғатты жаралап, тау мен тасқа, киелі орын, ескерткіштерге есімдері мен келеңсіз сөздер жазып кетуі азайғаныменен әлі де толастамай отырғаны ащы шындық. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілердің легі арасында рухани нәр іздегендерден бөлек, осындай келеңсіздіктер жасаушылардың кездесетіні өкінішті.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында, ескерткіш қабырғаларына сызуға, жазуға, сондай-ақ әдепсіздік жасауға тыйым салынғаны жөнінде арнайы ескерту тақтайшалары орнатылған. Соған қарамастан әртүрлі тәртіп бұзушылықтар орын алып жатады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіш болғандықтан Қазқайтажаңғырту мекемесі тарапынан жыл сайын реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы да тәртіп бұзушылықпен ескерткіш сыртына түскен жазулар жоспарланған реставрациялық жұмыстары аясында өшірілетін болады.
Қазіргі таңда, демалыс күндері кесенеге шамамен 5-6 мыңға жуық адам келетінін ескере отырып, музей қызметкерлері тарапынан кесене аумағын сақтау, қорғау бойынша тиісті шаралар күшейтіліп, атқарылып жатқанын айтқымыз келеді. Бұған дейін анықталған тәртіп бұзушыларға қатысты тиісті акт толтырылып, құқық қорғау органдарына жолданды.
Абаттандыру жұмыстарына байланысты кесене аумағы қалалық әкімшілікке уақытша өткендіктен, жеке кәсіпкер (үкі, павлин, бүркітпен суретке түсіруші) туристерге фото түсірілім ұйымдастыруға қалалық әкімшілік берген рұқсат бойынша жұмыс жасап келген. Қазіргі таңда музей әкімшілігі тарапынан жеке кәсіпкерге музей аумағында құстармен фото түсірілім жасауына тыйым салынды.
Тарихи кесенені сақтау, күтіп-баптау ісі әрбір азаматтың парызы екенін айта кеткіміз келеді. Кесенеге келген оқушыларға тарихи ескерткіштерді бұзбау, сызбау туралы әрдайым ескертіліп отырылады. Сондай-ақ, музей қызметкерлері қаладағы мектептерде кездесулер өткізіп, ескерткіштерге зақым келтіргені үшін қолданылатын шаралар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл іске білім ұялары мен ата-аналар да үлес қосса деген тілегіміз бар.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 99 мың шәкіртке ұстаз болған Ясауи бабамыздың кесенесіне деген жанашырлық көңілі үшін Жұмабаев Серікке өз ілтипатын білдіре отырып, еліміздің әрбір азаматы мәдени құндылықтарымыздың сақталуына бейжай қарамайды деп сенеді.
Музей әкімшілігі