WhatsApp тобы арқылы Әзірет Сұлтан қорық — музейінің қамал қорғанына әдепсіз тұрғыда жазулар жазылып, соңғы күндері жауған жауын мен қардың әсерінен кейбір жерінің сылақтарының түскені туралы бейнекөрініс тараған.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкерлері күнделікті музей аумағына тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Қамал қорғанындағы жазулардың жазылғаны белгілі болған сәтте музей қызметкерлері оларды тазалап, өшіріп тастаған.
Сонымен қатар, бұған дейін де қорық — музей қызметкерлері білім ұяларында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жазу жазған оқушылардың ата-анасымен кездесіп, балаларының ондай қылықтары заң талаптарын өрескел бұзу болып табылатындығы жөнінде ескертілді.
Айта кететін жәйт, жыл сайын еліміздегі барлық ескерткіштерге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жөндеу-реставрациялық жұмыстары дәстүрлі түрде жүргізіліп отырады.
Биылда жазғы маусымда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қамал қорғанын қалпына келтіру жоспарда бар.
Құрметті қонақтар және туристер! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге өз өтінішімізді жеткізгіміз келеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген әлемдік жауһарлардың бірі. Оны қорғау, күтіп ұстау, оған үлкен жауапкершілікпен қарау — тек қана мемлекеттің емес, әрбір адамның азаматтық борышы болып саналады.
Сондықтан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін кейбір адамдардың тарапынан ескерткішке зиян келтіріліп жатса, жәй қарап тұрмай, ондайға жол бермеу үшін әрекет жасауымыз қажет. Өйткені ескерткіштерді бұзу немесе қандай да бір ескерткіштің бүлінуіне алып келетін теріс қылықтар жасау заң жүзінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке алып келетінін есте сақтағанымыз жөн.
Құнды жәдігерлерімізді көздің қарашығындай қорғап, оларды ұрпаққа аманат етіп қалдыруға бір адамдай ат салысайық.