Қазақстан территориясында ежелгі темір ғасырынан бастап Сақ, Сармат, Үйсін, Қаңлы, Ақ Ғұндар, Түркі, Қарлұқ, Оғыз, Қидан, Қарахан, Қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Көшпелі Өзбек және Қазақ хандығы сияқты көптеген мемлекеттер қалыптасып, өмір сүрген және ыдырап отырғандығы тарихтан мәлім. Өз заманында атақты Томиристен бастап Естемі қаған, Оғыз хан, Қарахан сынды тұлғалармен теңдес қазақтың Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан және ұлы Абылай сынды тарихтың дамуына ықпал еткен бірегей саясаткерлер шықты. Әсіресе «Орыс аюын орманында, Қытай айдаһарын қорғанында, Жоңғар жыланын інінде» ұстайтын саясат жүргізе білген ұлы Абылайдың ролі ерекше еді. Содан соң-ақ бодандыққа түскен еліміз 200 жылдан асқанда ғана барып тәуелсіздігіне қайта қол жеткізді.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тарих сахнасына шығып көреген саясат жүргізе отырып, Солтүстіктегі Ресей, Шығыстағы Қытай, Батыстағы Еуропа елдерінің, мұхит асып АҚШ басшыларымен иығы тең дәрежеде келіссөз жүргізе білгендігін бүгінде әлем мойындап отыр. Сондай-ақ еліміз 2010 жылы ЕЫҚҰ төрғасы болып, Астанада елу төрт елдің басшыларын жинап Саммит өткізді. 2011 жылы еліміздің тарихында болмаған қысқы Азия ойындары Алматы мен Астана қаласында жалауы көтерілді. 2017 жылы дүниежүзілік EXPO көрмесінің Астанада өтетіні де тегін емес-ті.
Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Ұлы ұстаздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп өткен кешегі қазақтың хан-сұлтандары ел басқару ісінде Ясауи қағидаларын негізге алған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады» деп киелі мекеннің дәрежесін одан әрі айқындай түсті.
Осы алтын сабақтастықтың бүгінгі күнге дейін тіні үзілмей жеткендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен, ілтипатымен байланыстыруға болады. Әркез бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Әзірет Сұлтан кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ең алдымен, 1985-1988 жылдары Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысады. Содан бері Елбасы тарапынан Әулие бабамызға тағзым ретінде саналатын игі жұмыстарға ақ жол ашылды деп есептеуге болады.
Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ашылды. Сонымен қатар кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасап отырған қамқорлығының арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз қаламынан туындаған кітаптарда, ой-толғамдарында Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі мен оның қазіргі кездегі қажеттілігіне баса назар аударылған. Оның тарихи-мәдени маңызына қатысты елеулі тың тұжырымдар келтірілген. «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Ғасырлар тоғысында» атты кітаптарында Ясауи қалыптастырған ілімнің құндылығы жөнінде оң пікірлер айтылған.
Елбасымыздың қасиетті шаһарға әр сапары жақсы жаңалығымен жанға жебеу, ойға демеу бола келеді.
Елбасымыз Түркістан қаласына 2010 жылдың 26 мамырында жасаған сапары кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіндегі кездесуде жиналған жастардың алдында күллі әлем мойындаған Ясауи мұрасын оқып-үйрену жөнінде, оның мәні жөнінде сөз қозғады. Демек, бұл Ясауитанудың, Ясауи мұрасын игеру саласының жаңа белеске көтерілуіне алғышарт бола алады.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы 19 маусым күні Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды.
Нұрсұлтан Әбішұлы «Түркістан — Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала. Тарихқа көз тастасақ, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Ал қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген», -деп рухани астананың тарихына деген ерекше ықыласын аңғартады.
Ал, 2018 жылғы Түркістан облысына жасаған сапары барысында «Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның орны еліміз үшін үлкен маңызға ие. Ол Орталық Азиядағы ең көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы тарихи деректерде Күлтөбеден табылған жәдігерлер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Түркістан қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел ортасында болған тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі ретінде танымал болды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударды. Шығыстың Аристотелі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның іргесіндегі Отырарда өмір сүрген. Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті төбелерде қазақтың тағдыры шешілген әйгілі жиындардың өткендігі тарихтан барлығымызға белгілі. Мәртөбеде жыл сайын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мәселелерін талқылап, шешіп отырды. Күлтөбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада нәубет-тен кейін қазақтың бас көтерер азаматтары түгел Ордабасыға жиналып, сол жерде құрылған әскерменен Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс бергенін білеміз. Сонымен бірге Түркістан қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Олардың арасында еңсегей бойлы Есімхан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсылар мен жайсаңдар бар. Қарап тұрсаңыз шын мәнінде Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қадірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуелсіздікті жариялағаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік Президенттерінің барлығы осында келіп, тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағидаларын түрік әлемінің рухани дәстүрлерімен ұштастырған Әзірет Сұлтан қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның басына тұрғызылған алып кесене бүгінде Қазақстандағы ең басты тарихи ескерткіштердің бірі. Түркістан талай ғасырдан бері Қап тауынан Қашғарға дейінгі аралықта мекен еткен тұтас түркі халықтарының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Халқымызда Мәдинада — Мұхаммед, Түркістанда — Қожа Ахмет деген сөздер бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран даласының түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда Түрксойдың қолдауымен қырықтан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп таныды. Осының барлығы бүгінгі біздің шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды. Біз өткен Түрік басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі — дәл осы Түркістан. Сонымен құрметті ағайын, бұл шешім еліміздің өркендеуі үшін, Қазақстанның Оңтүстік өңірінің жайнап өсуі үшін өз себебін тигізетін болады. Түркістан 2-3 жылдың ішінде басқа қалаға айналып, еңсесі көтеріліп, барлығымыздың қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады. Сондықтан іске сәт!», — деген болатын.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тұғырын нықтап, еңсесін елге таныту жолында көшбасшылық сарабдал саясаттың әлем алдындағы сардары, елі сүйген, елін сүйген — Елбасыны 80 жастың шыңына шыққан күнімен құттықтаймыз!
Еліміздің көк туы желбіреп, тұлғалар даңқы асқақтай берсін!
Суреттер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген сапарларынан сыр шертеді.