МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ДАРБАЗА ҚАҚПАСЫ, ХІХ ғ.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен солтүстік – батысқа қарай 400 м. жерде орналасқан. Қақпа Түркістанның тарихи 4 қақпасының бірі. 1885 ж. басылған «Живописная Россия» атты кітапта жарияланған литографиялық сурет негізінде қайта қалпына келтірілді. «Дарбаза» қақпасының атауы қаланы қоршаған орға су құю үшін, осы тұстан қалаға қарай Жіңішке каналынан тартылған үлкен арықтың атынан шыққан. «Дарбаза» сөзінің өзі де «қақпа» деген мағына береді.  Нұртас Оңдасыновтың «Парсыша-қазақша» сөздігінде «дәруаза-дарбаза – ашық есік, қаланың, бекіністің үлкен қақпасы» — делінген. Негізінен қала қақпаларының барлығы екі жаққа ашылатын кең де биік дарбазадан тұрған. Бұл қаланың солтүстік қақпасы, кесене құрылысына қажетті әк, ғаныш, Сауранның тұзсыз таза саз топырағы мен күйдірілген кірпіші, Қаратау кендерінің қорғасыны, тас көмірі мен бояулы қыш жасауға қажетті барлық минералдар және металл түрлері осы қақпа арқылы тасылған. Бұл қақпа, сонымен бірге, Сарыарқадан құрылысшыларға азықтық ет, мал майы тасылатын ең маңызды қақпаның рөлін атқарған. Алғашында, қаланың батыс қақпасы – Жеті ата, шығыс қақпасы – Мүсәллә және оңтүстік қақпасы – Тәкиә сияқты Түркістанға келетін керуен жолдардың соқпағы түрінде қалыптасса, уақыт өте келе сол соқпақтардың екі бетіне тұрғын үйлер, мәнзел-мейманханалар, дүкендер, асханалар мен шәйханалар түсіп бірте-бірте магистральді-бас көшелерге айналған. XV ғ. қалыптасқан 34 гектарлық қаланы қоршап қамал-қорған тұрғызған кезде бұл жолдардың қалаға кірер тұсына қақпалар салынған. Міне осылай өмірге келген қақпаның екі кезеңін қаланың 1951жылғы план-схемасынан көруге болады. Мұндағы қаланың көк сызықпен шеқарасы, қақпалардың орыны көрсетілгені XV ғ. қалыптасқан кезеңі, ал, қызыл сызықпен берілгені ХІХ ғ. Қоқан хандығының 1843-1849 жж. арасында қаланы (88,7га) қайта қоршап, төрт негізгі қақпалар (№1, 3, 4, 5) және мұнарасыз екі ойық түріндегі (2,6) екі жаппалы есік етіп салынған қақпалар мен қорған-қамалдар. Бұлардағы бесінші нөмірмен берілгені біз әңгіме етіп отырған Дарбаза қақпасы болып табылады. 2009-2010жж «Қазқатайжаңарту» РМК тарапынан қайта қалпына келтірілді.

Әдебиеттер:

  1. Дарбаза қақпасы, ХІХғ. // «Әзірет Сұлтан» энциклопедия. Түркістан, 2021. 111 б.
  2. Дарбаза қақпасы // «Түркістан энциклопедиясы, І-том» Астана, 2023ж. 55-б.
  3. Тұяқбаев М. Түркістанның төрт қақпасының тарихи негіздері (мақала) қорық – музей архиві. Ескерткіштерді қорғау бөлімі.
  4. Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно – Казахстанскаяобласть. А., 1994. –С.264.
  5. Тұяқбаев М. Түркістан қақпалары жайлы ақиқат (мақала). Қорық –музей архиві. Археология бөлімі.
  6. Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. А., 2011. 125б.
Алдыңғы ақпарат

ЖЕТІ АТА ҚАҚПАСЫ, ХV – ХІХ ғғ.

Келесі ақпарат

МҮСӘЛЛӘ ҚАҚПАСЫ, ХҮ – ХІХ ғғ.