Әбілмәмбет ханның (1690–1771 жж.) ұлы, Болат ханның немересі Тәуке сұлтан Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдіктен тараған. Тарихшы-ғалым И.Ерофеева, оның Орта жүз қаракерей найман руына, ұлы жүздегі сіргелі және сарыүйсін руларына билік жүргізгендігі туралы деректер келтіреді. Сонымен қатар, Тәуке Әбілмәмбетұлы туралы орыс деректік құжаттарында біршама мәліметтер кездеседі. Орта жүз сұлтаны Тәукенің орыс генерал-поручигі И.Деколонгқа 1765 жылы 14 қазанында Ресейге қосылуға ниет білдіруі туралы хат (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках, 1961: 115) жазғандығы жайында деректер сақталған. Ал, И.Г. Андреев дерегінде Тәуке сұлтан туралы оның көшетін жайлауларының Ертіс өзенінің бойы, Ямышев бекінісі маңы, тұщы көлі, мол қарағайлы орманы бар Баянауылдың тауларында екені туралы айтылады (Андреев, 2007: 137). Тәуке сұлтанның сол кездегі Ресей, Қытаймен байланыстарда өзіндік орны бар. Содан болса керек, 1783 жылы оған Цин империясы «ван» титулын береді. Оның 1797 жылы қайтыс болғандығы жайында деректер сақталған. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылған (Қазақ хандары, 2015: 176).