МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЕСІМ ХАН СӘМЕКЕ ҰЛЫ

Сәмеке ханның кіші ұлы Тәуке ханның немересі Есім хан – XVIII ғасырдың екінші жартысында билік құрған қазақ хандарының бірі. Есім Сәмекеұлының туған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Оның ұлдарының арасында тарихта есімдері белгілілері Шаңхай, Айшуақ, Қодайменде сұлтандар. Ол 1756–1798 жылдары билік құрды. Түркістан айналасындағы шағын елдімекендер және осылардың айналасындағы көшпелі қазақ ауылдары басшыларының қолдауымен Әбілмәмбет ханға қарсы әрекет ретінде хан етіп сайланған. XVIII ғасырдың 50–60 жылдары Әбілмәмбет ханмен Түркістан үшін таласып 1758 жылы күзде өз қарсыласын қалаға кіргізбейді. 1762 жылы Абылай сұлтанмен Орта жүздің әйгілі биі Қаз дауысты Қазыбектің ара-ағайындығы арасында бәсекелес жақтар арасында келісім жасалып Түркістан қаласы мен оның аймағындағы басқа да қалашықтарға Әбілмәмбет пен Есімнің билігі жүретін болды. Бейбіт келісімге сай екі ханға Түркістан қаласы және оған қарасты елдімекендер екіге бөлініп берілді. Түркістан қаласының бір бөлігі белгілі бір қақпаларымен және осы бағытта орналасқан елдімекендер Әбілмәмбет ханға тиесілі болды. Қаланың екінші бөлігі және оған тиесілі қақпалар, сыртқы қалашықтар Есімге қарады. Әбілмәмбет 1769 жылы қайтыс болған соң, оның бөлігін баласы Болат иеленгенде Есім Түркістан қаласын сонымен бөлісіп басқарды (Қазақ хандары, 2015: 176). 1798 жылы Ташкент билеушісі Жүнісқожаның Оңтүстік Қазақстан аймағын өзіне бағындыруына орай Есім ханның Түркістан қаласы мен оның айналасындағы отырықшы елдімекендерге жүргізген билігі тоқтайды (История Казахстана в русских источниках, 2005: 161).

Алдыңғы ақпарат

СЫҒАЙ ХАН БАРАҚ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

БОЛАТ ХАН ӘБІЛМӘМБЕТ ҰЛЫ