Ғимараттың солтүстік-батыс бөлігінде — Мешіт бөлмесі орналасқан. Мешіт төбесі қос күмбезбен көмкерілген. Күмбезге шаршы негіз жасау мақсатында Орта Азия сәулет өнерінде алғаш рет киюластырылған аркалар жүйесі пайдаланылған [9, 103-6.]. Сталактиттермен әшекейленген күмбездің төменгі белдемшесінде он алты терезе жасалған. Терезелерден түскен жарық желкендермен ойықтардың жапсырма әшекейлеріне түсіп тұрады. Мешіттің бас есігі «жолбарысхана» дәлізінде орналасқан және оның ойығының жоғары бөлігі ганч сталактиттермен безендірілген.
Мешіт бөлмесінің батыс жақ қабырғасында михрабы бар. Михрабтың ені – 2,5 метр, биіктігі – 3,5 метр. Михрабтың «П» тәрізді жақтауларындағы жазу өсімдік өрнегі бетіне ақ бояулы сулус қолтаңбасымен кіріспе сөзбен басталып, Құран Кәрімдегі «Аятул Күрсі» жазылған. (2/255) Михрабтың маңдайшасында өрнекті насх таңбасымен жазылған жазу да намазға байланысты.