МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитетінің отырысы өтті

3 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан музей мамандарының халықаралық әріптестігін нығайту және олардың қоғамдағы беделін арттыру мақсатында «Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитеті» (бұдан әрі — «ИКОМ Қазақстан» ұлттық комитеті) Заңды тұлғалар бірлестігінің отырысы өтті.

Жиынды «Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитеті» Заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Алмаз Шәйкенұлы Нұразхан жүргізді. Алмаз Шәйкенұлы «Қазақстандағы ИКОМ жұмысын қайта жаңғырту туралы» тақырыпта өзекті мәселені қозғады.

«Халықаралық музейлер кеңесі (ИКОМ) – 1946 жылы құрылған. Жетпіс жылдай уақыт өтіп кеткен. Бізде бұл кеңес жұмысы әлі жанданып кеткен жоқ. ИКОМ Президенті – Суай Аксой. Оған 141 мемлекеттен 40 мың кәсіби маман 119 ұлттық комитет, 30 халықаралық комитет мүше. ИКОМ Қазақстан комитеті 2013 жылы құрылғанмен бүгінгі күнге дейін ИКОМ Қазақстан Халықаралық музейлер бірлестігіне ене алмады. 2016 жылы заңды тұлға ретінде міндеттемелерін орындамауы салдарынан жұмысын тоқтатты.
Қазіргі уақытта ИКОМ Қазақстан комитетін қайта тіркетіп, Заңды тұлға ретінде заңдастырдық. Ендігі мақсат – ИКОМ жұмысын қайта жаңғыртып, халықаралық аренаға алып шығу. Ол үшін ИКОМ мүшелігіне өту керек.
Еліміздің әр түкпіріндегі музейлер ИКОМ-ға мүшелікке еніп, ҚР Ұлттық музейімен қоян-қолтық жұмыс жасаса, жұмыс өнімді болады. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі арқылы «Алтын адам» тоғыз мемлекетте болды», деді.

Сонымен қатар А. Шәйкенұлы «ИКОМ Қазақстан комитетінің» 2020 жылға арналған жоспарына тоқталды.

Kazmuseum.kz қорының жетекшісі, танымал музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс: «Азаматтық институттардың музей саласындағы рөлі» (ИКОМ мысалында) атты баяндамасында ИКОМ – ның Милан және Киото конференциясында өзек болған жұмыстарына сараптама жасады.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ақмарал Ғосманқызы «Музейді ғылыми деңгейде әлемге шығарсақ – музейлер халықаралық деңгейде сөйлей алады» деп тамаша кеңестерін айтып, ИКОМ-ға мүше болудың тиімді жолдарын талдап айтты.

ИКОМ жұмысының жандануына ерекше көңіл аударып, жұмыс жасап жүрген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті Музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Нұржанқызы да өз ұсынысын ортаға салды.

Жиын соңында көпшіліктің дауыс беруімен «ИКОМ Қазақстан комитетінің» Вице-Президенттігіне Нұрсерік Жолбарыс, осы ұйымның Халықаралық жобалар жөніндегі Виц-Президенттігіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының сарапшысы Құмар Жүнісов сайланды.

Алдыңғы ақпарат

Сарапшы комиссия отырысы өтті

Келесі ақпарат

Музей ісі және Қорық-музейлер жөніндегі көркемдік кеңестің кезекті отырысы өтті