Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы іссапармен Түркістан қаласына келді.
Елбасы ең әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жұмысымен танысты.
«Түркістан — түркі әлемінің алтын бесігі. Былтыр бұл шаһарға жаңа мәртебе берілді. Түркістан қаласы мен осы өңірдің дамуы қашанда Елбасының жіті назарында. Н.Назарбаев бүгін және ертең еліміздің рухани астанасында қарқын алған құрылыс жұмыстарымен танысуды жоспарлап отыр»,- деп хабарлады Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында.
Түркістанға сапар барысында Елбасы қаладағы мәдени-ағарту нысандарының, әртүрлі бақтар мен Арбаттың құрылыс жоспарымен танысты. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Күлтөбе» қалашығы археологиялық паркін құру жоспары таныстырылды.