Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Бейне тарих құжырасына шеберлер дайындаған оюлы ағаш орындықтар қойылды.
Айта кетсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құжыра бөлмесінде «Қазақфильм» және «Оңтүстікфильм» киностудиялары түсірген деректі және анимациялық фильмдер зияратшылар мен туристерге тұрақты түрде көрсетіліп келеді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келген әрбір келуші жәдігерлермен қатар тарихи фильмдерді де көре алады.
2016 жылдан бастау алған бастама аясында Түркістанға қатысты деректі фильмдер тамашаланса, 2018-2019 жылдары «Алмас қылыш», «Көшпенділер», «Жаужүрек 1000 бала» көркем фильмдері мен «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Көне құмыраның сыры», «Қажымұқан», «Қазақ Елі», «Отырарды қорғау», «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері ұсынылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі жақсылары тізімі цифрлы форматта үш тілде әзірленсе, кесене ішінде 2 ақпаратты киоскі, шағын кинозал, 3D тур қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жаңартылған ресми сайтының мобильді қосымшасы да іске қосылған.