МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Қазақстандық әртістердің Өзбекстандағы орасан зор жетістігі

13 шілде күні «Астана Опера» әртістері Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық Үлкен театры сахнасында орасан зор жетістікпен «Мадам Баттерфляй» операсын ұсынды. Ғаламат спектакль Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында орын алған елордалық театрдың гастролін керемет түйіндеді. Гастрольдік тур ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылды.

«Астана Опера» симфониялық оркестріне атақты итальяндық маэстро, Еуропадағы ең ірі театрлардың бірі – «Карло Феличенің» әртістік директоры Джузеппе Акуавива жетекшілік етті, ол – Пуччини операларының білікті маманы әрі орындалуы жағынан күрделі осынау стильдің егжей-тегжейін білетін тұлға. Әйгілі дирижерді «Астана Опера» театрымен үлкен достық байланыстырады.

Оркестр музыканттары шебер, үйлесімді ойнады, тіпті сахна төрінен әсем әуен төгілгендей болды.

Тұрмыстық шындықтың веризмдік рухымен қаныққан бұл опера Дж.Пуччинидің ең сүйікті туындысы болған, ол оны «шаршамастан, қайта-қайта» тыңдай алған. Кішкене гейшаның қайғылы оқиғасы ташкенттік көрерменнің де жүрегін тебірентті. Лық толы зал соңғы аккордтармен бірге ду қол соғып, қошемет көрсетті, спектакль Ташкент тұрғындары мен қала қонақтарын тамсандырды.

— Гастрольдің шымылдығын ашқан «Абай» операсын барлығы көруге, тыңдауға асық болды, дауыстардың күші мен әсемдігіне таң қалдық: әртістер сахнада өмір сүрді, сондай-ақ тамаша сценографияға тәнті болдық. Ташкенттік зал көптен бері дәл осылай орындарынан тұрып, қол соғып, қошемет көрсетпеген еді. «Мадам Баттерфляй» операсын да асыға күттік. Декорациялар, көріністі де әдемі спектакль керемет әсер қалдырды. Орындаушылар, сонымен бірге спектакльдің ең басында ұсынылған көпшілік хор көріністері көңілімізді баурап алды. Жарқырап тұрған бассейн де әсерлі еді. Режиссер, костюмдер бойынша суретші, сценографтың шебер қолы сезіліп тұрды, — деді Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениеті қызметкері, музыкатанушы, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясы музыка және сын тарихы кафедрасының доценті Инесса Гульзарова.

— Өз әріптестеріміздің, өнер мен музыкаға қызмет етушілердің өнерін тамашалағаныма өте қуаныштымын. Бұл сапарлары біз үшін үлкен мейрам болды деп есептеймін. Айрықша әсерлі, күшті де мәнерлі, ғажайып мінсіз дауыстар, қандай керемет бельканто, ойнақы әрі қимылы ширақ хор. Әртістердің бейнелері дуэттегі таңғалдырарлық жұмыстары секілді толыққанды, жарқын болып шықты. Оркестрдің шеберлігін ерекше атап өткен жөн, оның үні әртістерді көлеңкелемей, өз орнымен шырқалды, өте жоғары деңгей көрсетті. Опера өнері – мәдениет дамуының көрсеткіші. Осындай сапада итальяндық операны орындай білу – асқан жетістік, — деп есептейді композитор Дилором Сайдаминова.

— Ешқандай әсірелеусіз шексіз таңғалысымды жеткізгім келеді. Маған Астанада, «Астана Операда» болу бақыты бұйырған, алты жыл ішінде сәулеті әрі көрермендер мен әртістерге жасалған жағдайлары тұрғысынан ғана емес, ең бастысы жоғары көркемдік деңгейі жағынан ғаламдағы ең тартымды театрлардың біріне айналғаны таңдандырмай қоймайды. Осы уақыт ішінде театрларыңызда жетекші опера және балет жұлдыздары өнер көрсетті, мұндай жетістікпен кез келген театр мақтана алмайды. Осындай беделге ие болу оңай емес, бұл тек республикаға, халыққа ғана емес, театрға деген құрмет. Спектакльдеріңіз – Өзбекстанның мәдени-рухани өміріндегі айтулы құбылыс, бұл байланыстарымыздың нығайып келе жатқанын дәлелдейді, — деді журналист, өнертанушы, философия ғылымдарының кандидаты Аъло Ходжаев.

— Бәрі де өте үйлесімді әрі көрнекі, бәрі тепе-теңдікте, бұл өте маңызды. Әртістер музыканы терең түсінеді. «Астана Операның» гастролі – айтулы оқиға, сіздердің арқаларыңызда шаһарымыз мәдени оқиғаға анағұрлым толыға түсті, — деп атап өтті «Ильхом» театрының көркемдік жетекшісі Борис Гафуров.

— Әртістеріңіз керемет, танымал «Мадам Баттерфляй» оқиғасын жоғары деңгейде ұсынды. Нұр-Сұлтан қаласына келген сайын «Астана Опера» театрына барамын, өнер ордасы әрдайым жоғары сапаны, әлемдік стандартты көрсетеді, бүгін де соның куәсі болдық. Спектакльдің сапасы өте тамаша, шынымен де, керемет әсерге бөлендім. «Астана Опера» театрын сәтті гастролімен құттықтаймын. Еуропада көптеген спектакльдер тамашалаған едім, сіздердің қойылымдарыңыз ең жоғарғы халықаралық стандарттарды көрсетті, — деп бөлісті Бангладеш Халық Республикасының Өзбекстандағы Елшісі Масуд Маннан.

— Бүгін нағыз асқақ өнер мерекесі орын алды. Қазақстандық әріптестерімнің келуіне өте қуаныштымын. Бәрі де тамаша болды, олардың жасағаны – әлемдік деңгей, — деп бағасын берді Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, саксофоншы Юнус Гульзаров.

Операның басталған сәтінен бастап Мадам Баттерфляй партиясын орындаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай көрермендерді бір демде ұстап тұрды. Тек соңғы көріністер аяқталар тұста тыңдарман қауым көз жасына ерік берді. Баттерфляй бейнесі – пуччинилік әйелдер галереясындағы ең күрделі әрі сан қырлы. Қорғансыз, адал, ішкі күш-қуатқа ие, ымыраға келу оның қолынан келмейді. Чио-Чио-санның сырлы драмасы операда тереңірек әрі жан-жақты ашылады, көңіл-күйдің барлық реңкі көрініс табады. Оқиғалар желісі вокалдық қана емес, сондай-ақ актерлік шеберліктің де маңыздылығын баса айтады. Осынау күрделі партияны Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай керемет орындады деп нық сеніммен айтуға болады. Баттерфляйдың жанында үнемі оның адал қызметшісі Сузуки жүреді. Жағдайдың тығырыққа тірелгенін түсіне отырып, ол Пинкертонмен кездесуді ұзақ күту бойынша барлық ауыртпашылықтарды ханыммен бірге бөліседі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина бұл бейнені шебер әрі бар ықыласымен аша білді. Қазақстандық опера өнерінің жарық жұлдызы, керемет меццо-сопрано иесі шыңдалған актерлік шеберлігі мен тамаша вокалдық дарынын көрсетті.

Шытырман оқиғаларды жақсы көретін бейқам Пинкертонды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев актерлік тұрғысынан шебер әрі вокалдық жағынан мінсіз жасады. Итальяндықтар оны бельканто дәстүрін жалғастырушылардың бірі деп мойындаған. Опера өнеріндегі зор жетістіктері үшін Медет Чотабаев Италия Жұлдызы Орденінің кавалері атағымен марапатталған. Дегенмен, жеңіл мінезді кейіпкерді ар азабы толғандырады, бірақ өкінгенімен, бәрі де кеш…

Парасатты америкалық консул Шарплестің бейнесін сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев сомдады. Оның жұмсақ та терең баритон дауысы мен баяу қимылдауы Пинкертонның қызуқандылығына қарама-қарсы болуымен әсерлі көрінді. Ал әншінің табиғи бекзаттығы Шарплестің бейнесімен үндес болды.

Рамзат Балакишиев, Талғат Ғалеев, Жанат Шыбықбаев, Өміржан Қадыров, Шыңғыс Расылхан, Самат Жарылқасынов, Елена Ганжа, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай мен Сәрсенбай Арнұр тамаша актерлік шеберліктері мен мінсіз вокалдық қабілеттерін паш етті. Татьяна Вицинская болса, өзінің америкалық кейіпкері Кэтты сахна төрінде ерекше әсермен жеткізе алды.

— Көрермендер керемет, олардың алдарында шырқай бергің келеді, себебі тыңдарманмен де кері байланыс орнады, бұл әнші үшін өте маңызды. Осынау тарихи сахнада біз өнерімізді паш еттік. Осы жерге әлі талай рет жаңа әрі керемет операларды ала келеміз деген үміттемін, — деп атап өтті Медет Чотабаев.

— Ауа райы да, көрермен қауым да ыстық қабылдады, қуанышпен, жылы шыраймен қарсы алды. Қуаныштымын. Әрбір әсерлі нөмірден кейін қошемет көрсетіп отырды, — деп бөлісті Жаннат Бақтай.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі хор әдеттегідей керемет өнер көрсетті.

Аталмыш спектакльдің жапондық нақышқа негізделген сценографиясын заманымыздың көрнекті суретшісі Эцио Фриджерио жасаған. Онда кішкентай гейша оқиғасының терең психологизмі көрініс тапқан. Спектакль басында Чио-Чио-санның үйі жалаулармен безендіріліп, нәзік гүлдермен көмкерілген, айналасын сұлу табиғат қоршаған, бұл Пинкертонмен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешуді арман еткен кейіпкердің үмітін бейнелейді. Иесіз қалған үй, солған гүлдер спектакль соңындағы Баттерфляйдың ішкі жан-дүниесімен үндес: жарқын болашаққа деген үміт оты сөнген.

Көрерменнің алдында ысырылып ашылған панельдер төбеден жайыла орын тепкен қаланың бейнесін көруге мүмкіндік берді. Мұның бәріне жарықты ойнату мен 3D-әсерлер көрік үстей түсті. Баттерфляй үйінің алдындағы көл суының шағылысуы көпшілікті тамсандырды. Бұл үшін бірегей толық көлемді құрылымдар – күннің де, жұлдыздардың да сәулесін көруге мүмкіндік беретін 18-метрлік бассейн қолданылды.

Осы қойылымдағы әр костюм нағыз өнер туындысы еді. Бұл киімдер Оскар сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның эскиздері бойынша жасалды. Бас киімдер мен париктер кейіпкерлердің бейнелеріне толыққандылық беріп тұрды. Бас кейіпкердің костюмы – қолмен тігілген нағыз жапондық кимоно, оның өзі орасан зор көркемдік құндылыққа ие. Оны «Астана Опера» театрына Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі сыйға тартқан еді.

«Мадам Баттерфляй» спектаклін елордалық әртістер өте жарқын әрі терең ықыласпен ұсынды. Дж.Пуччини қай заманда да өзінің ең басты құндылығын сақтап қалған – музыкада асқақ адамгершілік сезімдерді жырлаған нағыз музыкалық трагедияны тудырды.

Спектакльді тамашалауға мәдениет пен өнер қайраткерлері, ардагерлер, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері келді. Әртістердің, маэстро мен оркестр музыканттарының құрметіне ұзақ қол соғылып, қошемет көрсетілді.

Гастроль Өзбекстан астанасының тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды, олар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» спектакльдері туралы ыстық лебіздерін білдіріп, қазақстандық орындаушылардың кәсіби деңгейіне тамсанды. Олардың пікірінше, «Астана Опера» театрының туры қос мемлекеттің мәдени өміріндегі нағыз тарихи оқиғаға айналды.

Алдыңғы ақпарат

Түркістанда Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналған шара өтті

Келесі ақпарат

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық конкурстарда жүлделі орын алған дарынды жастармен кездесті