ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Абайтанушы ғалым – Мекемтас Мырзахметов» тақырыбындағы фото-кітап көрмесі ашылды.
Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің 89 жылдығына арналған көрмеге Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенттері мен музей қызметкерлері қатысты. Көрме экпозициясына музей қорында сақталған 50-ден астам фотосуреттер мен баспа өнімдері қойылды.
Мекемтас Мырзахметұлы Мырзахметов 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы, Жуалы (қазіргі Түлкібас ауданы), Майтөбе ауылында дүниеге келген.
Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері мен шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап ден қойылған. Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды. Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Ясауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді. Мырзахметұлы кеңестік кезеңде-ақ патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп (“Қазақ қалай орыстандырылды”, 1993)‚ қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатқан. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысқан.