
Бүгін Ясауи музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Түркістан қалалық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ясауитану» клубы аясында «Туған өлке тағылымы» жас зерттеушілердің II аймақтық ғылыми конференциясы өтті. Ғылыми жиынға Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран аудандарының мектептерінен 100-ге жуық оқушы қатысты.

Конференцияны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов және философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай ашып, жас ұрпақтың ғылыми ізденісін қолдаудың, туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасын танып-білудің маңызына тоқталды.

Жас зерттеушілер Ясауи мұрасы мен өлке тарихы, мәдени мұра және музей ісі, туризм мен өлкетану, әдебиет пен фольклор, табиғат пен экология бағыттары бойынша ғылыми жұмыстарын таныстырды. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.