
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастыруымен «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Халықаралық шараны ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов ашып, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін оқып берді.

Бұдан соң Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының Бас хатшысы Кубанычбек Қасымұлы Омуралиев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Султан Акимович Раев, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры, профессор Махмут Эрол Кылыч, Халықаралық Түркі Академиясының вице-президенті Булент Байрам күн тәртібіне сай мазмұнды баяндама жасады.

Ауқымды ғылыми шараға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінен 30-ға жуық ғылыми қауымдастық, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жетекші ғалымдар, ясауитанушылар, түркітанушылар, шығыстанушылар, тарихшылар, филологтар, теологтар, археологтар, реставраторлар және музей саласының мамандары қатысты.

Дөңгелек үстел екі негізгі бағытты қамтыды. Бірінші — «Ясауи мұрасы және түркі әлемінің рухани-мәдени тұтастығы» сессиясында Қожа Ахмет Ясауи ілімінің түркі халықтарының рухани құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі, сопылық дәстүрдің дамуы, тарихи жады мен мәдени сабақтастық мәселелері қарастырылды. Екінші — «Түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және жаңғырту: халықаралық тәжірибе және инновациялық тәсілдер» сессиясы аясында мәдени мұраны сақтау, реставрациялау, цифрландыру, музейлік интерпретациялау, сондай-ақ сәулет ескерткіштері мен қолжазба мұрасын зерттеудің заманауи әдістері талқыланды. Профессор-ғалымдар 25 тақырыпта, қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілінде баяндамалар жасады. «Ясауи ілімінің қырғыз мәдениетіне ықпалы», «Бүгінгі Ясауитану мәселелері», «А.Ясауи: тарихи кезең және ұстазы Арыстан баб туралы тарихи деректер», «Қожа Ахмет Ясауи және Баба Нахчиванидің философиялық көзқарастары», «Ұлттық болмысты жаңғыртудағы Ясауи мұрасының концептуалды негіздері» секілді баяндамалар арқылы тың ақпараттар ұсынылды.

Халықаралық жиын қортындысы бойынша ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, Ясауи мұрасын сақтау мен насихаттауға, сондай-ақ түркі әлемі елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған ұсынымдар қабылданды.
А. Жақсылыққызы, музей-қорық қызметкері.