2026 жылдың 12 наурыз күні Түркістан қаласында №34 жалпы білім беретін мектепте Түркістан қаласының Білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Ясауитану – 2026» республикалық байқауының қалалық іріктеу сайысы өтті.
Түркістан қаласының 38 мектебінен сайысқа қатысқан 50 оқушы өзара мықтыны анықтады. Қалалық байқаудың қазылар алқасында музей-қорықтың Ғылыми зерттеу және үйлестіру бөлімінің ғылыми қызметкері С.Шәметов пен Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Ұ.Жүнісбаев төрелік етсе, кіші ғылыми қызметкер А.Тұрсынов байқаудың жүргізушісі болды.
Қалалық байқау үш кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде сайыскерлер Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметін» жатқа айтудан өзара мықтыны анықтап, нәтижесінде 24 оқушы үздік шығып, екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезең сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылып, жоғары ұпай жинаған 11 оқушы үшінші кезеңге жолдама алды. Үшінші кезеңде қатысушыларға хикметтегі тірек сөздерден сұрақтар қойылды. Бұл сында оқушылар тірек сөздердің хикметте неше жерде кездесетінін айтып, шумақтарын толық айтып шықты. Тірек сөздерге түгел жауап берген оқушылар жоғары ұпайға ие болды.
Мектеп оқушылары арасында «Ясауитану – 2026» республикалық байқауының Түркістан қалалық іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша, үш кезеңнен жоғары ұпай жинағандар:
- Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Амантай Бақдәулет;
- Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы Сламхан Ақтілек;
- М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Ермурза Алима;
- №6 М.Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Абдулла Ибрахим;
- №19 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Бақсейіл Абылай республикалық байқауға жолдама алды.
Түркістан қаласынан оза шапқан оқушылар 2026 жылдың 23-24 сәуірінде Түркістан қаласында өтетін дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауында қаламыздың намысын қорғайтын болады.
Ағаділ Тұрсынов, кіші ғылыми қызметкер