«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Кешикчидаг» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы арасындағы халықаралық ынтымақтастық туралы меморандум аясында ежелгі тарихи мұраны зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында тәжірибе алмасуға бағытталған «Ортағасырлық мәдени мұралар арқылы байланыс» тақырыбында онлайн семинар өтті.
Семинар барысында музей-қорықтың археологы, ғалым Марат Тұяқбаев пен тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы Салимжан Салходжаев ортағасырлық кезең ескерткіштерінің зерттелу барысы, оларды сақтау мен қорғаудың заманауи тәсілдері туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Ал «Кешикчидаг» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының өкілдері Юнис Насибли, Шамиль Нашафов және Чахан Усманов ортағасырлық археологиялық кешендердің ерекшеліктері, олардың тарихи-мәдени маңызы мен зерттеу нәтижелері жөнінде ой бөлісті. Баяндамалар аясында қатысушылар ғылыми пікір алмасып, екі ел аумағындағы тарихи мұраларды салыстыра талқылауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар іс-шараға «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Кешикчидаг» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлері, сондай-ақ Әзірбайжан жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Іс-шара Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ортақ тарихи-рухани құндылықтарды зерделеуге арналған маңызды ғылыми алаңға айналды.
Екі мекеме арасындағы мұндай халықаралық ғылыми кездесулер ортақ рухани тамырды жаңғыртып қана қоймай, тарихи сананы қалыптастыруға, мәдени мұраны қорғау ісіндегі тәжірибе алмасуға және ғылыми байланыстарды нығайтуға жол ашады.
Асылхан Кәрім, Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу бөлімінің басшысы.












