🔹 Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Музей-қорықтың жылдық жоспарына сәйкес, 2025 жылғы республикалық көрмелер маусымы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» атты көрменің ашылуымен қорытындылануы тиіс болатын. Алайда қызылордалық әріптестеріміз көрменің рухани әсері мен тәрбиелік мәнін кеңірек насихаттау мақсатында оны тек қала тұрғындары ғана емес, аудан жұртшылығы да тамашалай алса деген ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс қолдау тауып, көшпелі көрмені Жаңақорған және Шиелі аудандарында өткізу туралы шешім қабылданды.
🔹 Салтанатты рәсімге Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Каримов, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ресурстық орталығының өкілдері, білім және мәдениет саласының мамандары, архив қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
🔹 Көрме экспозициясынан Түркістан қаласының тарихына қатысты құнды деректерді көруге болады. Шербай мен Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар, Шауғар–Шойтөбе, Ясы–Күлтөбе қалашықтарынан алынған тарихи жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар X ғасырға жататын Құран Кәрімнің түркі тіліне аударылған алғашқы нұсқасы, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» сияқты таңдаулы еңбектері мен оның шәкірттері қалдырған құнды қолжазбалар да көпшілік назарына ұсынылды.
🔹 Көрменің негізгі мақсаты – бүкіл Түркі әлеміне ортақ ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, рухани мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ оның жолын жалғаған шәкірттері мен ізбасарларының еңбектерін көпшілікке таныстыру. Іс-шара соңында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына аудан әкімінің атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табысталды.

Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушысы.








