🔹 Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен музей-қорыққа қарасты Жүсіп ата кесенесіне баспасөз туры өтті.
🔹 Баспасөз турына Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің профессорлары, БАҚ өкілдері мен блогерлер, Туристерге қызмет көрсету орталығы мен бірнеше туристік агенттіктердің өкілдері қатысты.
Қатысушылар әуелі әулиеге зиярат жасап, бабалар рухына Құран бағыштады.
🔹 Іс-шараның мақсаты жайлы музей-қорықтың Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Сейсенбай Ахмет айтып өтті. Ол өз сөзінде Жүсіп атаның тарихи, рухани тұлға ретінде, ал оның кесенесінің сәулеттік ескерткіш ретінде айтарлықтай орны бар екендігіне және ескерткішке мемлекет қаржысымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеніне, демеушілік қаржысына (Рахматжан Абдусаттаров) сапар орталығының салынғанына тоқталып, Жүсіп ата кесенесінің туристік нысан ретінде әлеуетінің зор екендігін жұртшылыққа насихаттау, таныту мақсатында бүгінгі баспасөз туры ұйымдастырылып отырғандығын атап өтті.
Одан соң «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының археологы, т.ғ.к. Марат Тұяқбаев Жүсіп ата кесенесінің салыну тарихымен, оның сәулеттік ерекшеліктерімен және жүргізілген археологиялық зерттеулермен таныстырып, туристік нысан ретінде насихаттау керегін тілге тиек етті. Кесененің XV ғасырға тән құрылыс үлгісі, кірпіш өлшемдерінің түпнұсқалығы, күмбездердің қалпына келтірілу кезеңдері жайлы кәсіби түсіндірмелер берді.
🔹 Жүсіп ата кесенесінің жанынан Сапар орталығын салуға және бүгінгі іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, қоғам қайраткері Рахматжан Абдусаттаров Жүсіп атаның өмірімен және Сапар орталығының жұмысымен таныстырды. Жүсіп ата кесенесі – Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан республикалық маңызы бар ескерткіш. Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы және шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Рахматжан Абдусаттаровтың айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи Жүсіп атаны «Ғашық Жүсіп» деп атаған, оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Сапар орталығындағы экспозицияларды тамашалау барысында жиынға қатысушылар таңданыстарын жасырмады.
🔹 Іс-шараға қатысушылар өңірлік туризмді дамыту жолдарын ақ дастархан басында талқылады. Музей-қорыққа қарасты тарихи ескерткіштерге баспасөз турлары алдағы уақытта да ұйымдастырылады.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.









