Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында музей ісіне жарты ғасырға жуық өмірін арнаған ардақты тұлға, мәдениет жанашыры — Жүзбаева Рахия Сүлейменқызының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Іс-шара аясында «Музейде өрнектелген өмірім» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты — отандық музей ісінің дамуына айрықша үлес қосқан тұлғаның өмір жолы мен еңбегін дәріптеу, кейінгі буынға өнеге ету.
Шараны «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Тастанбеков пен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғ.Сарсенбаев ашып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, музей саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
Рахия Сүлейменқызының алғашқы ұстазы Ж.Тұрсынбекова өз шәкірті туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасы Е.Дәкеновтың, Түркістан облысының әкімі Н.Көшеровтың және «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы А.Темірханның арнайы құттықтау хаттары табысталды. Бұл құттықтаулар — Рахия Сүлейменқызының ел мәдениеті мен музей ісін дамытудағы еңбегіне берілген жоғары баға болды.

Салтанатты жиынға Рахия Сүлейменқызының әріптестері мен шәкірттері, достары, туыстары, ғалымдар, облыстық әжелер алқасының мүшелері және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Көрмеде мерейтой иесінің музей ісіндегі қажырлы еңбегін айғақтайтын фотосуреттер, ғылыми мақалалар, марапаттар мен естелік материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Рахия Сүлейменқызының өмір жолы мен кәсіби қызметін қамтыған бейнеролик көрсетіліп, экспозициялар бойынша таныстыру экскурсиясы өткізілді.
Көрмеден кейін қонақтар Ясауи музейінің акт залында өткен «Еңбек адамы» бағдарламасына қатысты. Бағдарлама барысында Рахия Сүлейменқызымен ашық сұхбат өткізіліп, Балалар мен жасөспірімдер орталығының шәкірттері мен әріптестеріміз өнер көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар дастарқаннан дәм татып, жылы лебіздерін білдіріп, естелік суретке түсті.

К.Есжанова, баспасөз хатшысы.








