МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі Көкшетауда

Бүгін, Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде 25 Қазан — Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлы ойшыл, түркі әлемінің рухани темірқазығы Қожа Ахмет Ясауидің асыл мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлескен жобасы.

Көрменің ашылу рәсімі аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім тараптардың ғылыми-зерттеу, көрме және мәдени жобалар бағытында бірлесіп жұмыс істеуіне, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауда тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Көрмеде Ясауидің, оның шәкірттерінің, ізбасарларының рухани мұралары мен көне Ясы қаласының тұрғындары пайдаланған мыстан, қыштан жасалған шырағдандар қойылды. Осы арқылы қос жарық — рухани ілім жарығы мен материалдық жарық арасында аналогия жасалды. Бұдан мақсат — қараңғы түнекте шырағданның жарығымен жол тапқандай, Ясауи ілімі сәулесінің жарығымен бабаларымыздың рухани кеңістікте сүрінбей бағдар тапқандығын көрсету.

Көрменің ашылуына Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Ж.Е.Ерғалиев пен Ақмола облысы Мәдениет басқармасының басшысы А.Б.Сабитова, Дін істері басқармасының өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Көкшетау қаласы бойынша өкілдері, өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, сондай-ақ студенттер қатысты.

«Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі көпшілікке 2025 жылдың 18 қарашасына дейін ұсынылады.

Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.

Алдыңғы ақпарат

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы мен «Қазан Кремлі» Мемлекеттік музей-қорығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Келесі ақпарат