default
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Қылует жер асты кешені — ХІІ-ХІХ ғасырларға жататын, Түркістан тарихынан және де Исламның сопылық дәстүрі бойынша керемет терең мағлұмат беретін тарихи орын, ортағасырлық тамаша тарихи ескерткіш болып табылады.
Қылует жер асты кешеніндегі музейлендіру жұмысы 1980-ші жылдардың аяғына қарай қолға алына бастаған болатын. Ол жылдары кеңестік кезең, Ислам діні тарихына көзқарас атеистік бағытта насихатталды. Ол кезде музейдің ғылыми-зерттеу бөлімі «Ислам діні тарихы және атеизм» деп аталды. Бөлім қызметкерлері жалпы Ислам діні тарихы, Қылует жер асты кешені туралы мұрағаттық деректер, халық арасындағы ауызекі естеліктер мен т.б. материалдарды жинақтап жүрді.
1988 жылдары сол жер асты кешеніне «Ислам діні тарихы және оның Оңтүстік Қазақстан жеріне таралуы» атты тақырыптық музейлік-экспозициялық жоспар жобасы дайындалды. Ол үшін арнайы Санкт-Петербург қаласына барып, әйгілі Казан соборындағы «Дін тарихы музейінің» Шығыс бөліміне тәжірибе алмасу мақсатында арнайы іссапар ұйымдастырылды.
Кешендегі нақты музейлендіру жұмыстары тек 1996-2000 жылдары ғана Түркістан Археологиялық экспедициясының археологиялық зерттеу-барлау жұмыстарының қорытындысынан кейін жүргізіле басталды.

1996 жылы Қылуетте музей-қорық қорындағы дін тарихына қатысты қолда бар жәдігерлермен Ислам тарихы мен сопылық туралы түсініктер берілетін музейлік экспозиция құрылды. Экспозицияның ерекшелігі сол, кешеннің Жамағатхана бөлмесі қабырғаларының жоғарғы бөлігіне Алланың көркем тоқсан тоғыз есімі араб алфавитімен және оның оқылу транскрипциясы, қазақ тіліндегі аударма мағынасы қосылып, арнайы металл тақтайшаларға жазылып, ілініп қойылған болатын.
Сонымен қатар, Ғар бөлмесінің де ішіне Ясауиа тарихатының салатын зікір сөздері айналдыра металл тақталарға жазылып ілінген. Бөлме экспозициясында Құран сүрелері, Ясауиа силсиласы, сопылық ілімнің таралу картасы, Алқа зікір салушылар туралы керемет майлы бояулы картина сияқты қосымша дайындалған планшет-материалдар және басқа да музейлік-экспозициялық шешімдер, міне биыл 25 жылға жуық уақытта өзінің маңыздылығы мен қажеттілігін жойған жоқ, яғни, әлі де экспозициядан алынған емес.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында, Қылует жер асты кешенінің тұрақты экспозициясын толықтыру жұмыстары орындалды. Кешеннің бір жақ бөлігінде археологиялық қазба, зерттеу жұмыстары жүргізілгенімен, ол жерді консервациялау не басқаша музейлендіру жұмыстары жүргізілмей, ашық күйінде сақталып тұрған.

Қылуеттің осы жарты бөлігіне де қордағы көмекші қор есебіндегі қолда бар археологиялық және этнографиялық жинақтардан арнайы тақырыптық болмағанымен, кешеннің асханалық бөлігінің музейлік инсталяциясы дайындалды. Бұл бөлікке Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Асхана бөлмесінде сақталған ХІХ ғасырдың тарихи мұралары, Әлім ботқасын салып, көпшілікке тарататын үлкен екі ағаш астаулар, ожау, астық сақтайтын хұмдар мен құмыралардың бірнеше түрлері және т.б. асханалық жәдігерлер шығарылды, экспозиция этикетаждары жаңаланып, жаңа аннотациялық мәтіндермен толықтырылды.
Қылуеттегі келесі бір бөлме — шаруашылық бөлмесі. Бұл жерде, кезінде кешенде атқарылатын діни әдет-ғұрыптарға қажетті шаруашылық заттары сақталып отырыған (отын, су, еңбек құралдары, артық ыдыстар мен т.б. заттар). Бұл бөлме де тазартылып, ретке келтірілуде, жақын күндерде ол жерге де атқарған қызметіне сай музейлік көріністер дайындалады.
Р.С. Жүзбаева, көрме ұйымдастырушы.








