МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ХVI ғасырдың сәулет ескерткіші Шығыс моншасы экспозициясы

Ортағасырлық керемет сәулет ескерткіштерінің бірі – Шығыс моншасы. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс бөлігіне қарай орналасқан. Монша сонау ХVI ғасырдан бастап, біздің күнімізге дейін, яғни 1975 жылға дейін жергілікті халыққа үздіксіз қызмет етіп келген. Мұндай құнды тарихи ескерткішті болашаққа сақтап жеткізу мақсатында Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен 1979 жылы монша құрылысында ішінара қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, оның бөлмелерінде музейлендіру жұмысы басталды.
Бес күмбезді жартылай жер асты кешенінің алдынан моншаға кіреберіс бөлмесі мен жаздық шайхана бастырмасы қосылып салынып, осы бөлмелерге экспозиция жасақталды. Сол 1979 жылы монша бөлмелеріне оның музейлік экспозициясы бойынша дайындалған кейбір қосалқы материалдар бүгінгі күнге дейін экспозициядан алынған жоқ.
Моншаның біздің күнімізге дейін жұмыс жасағаны ескеріліп, оның экспозициясына 1979–80-ші жылдардағы заманауи сүлгілердің үлгілері, ер азаматтардың киім үлгілері, белдемшелер, бас және сырт киім үлгілері және т.б. моншаға қажетті заттар жинақталып шығарылды.
Сонымен қатар, Алматы қаласындағы «Казмузейреставрация» мекемесінің суретші-дизайнерлері Өзбекәлі Жәнібековтың арнайы тапсырысымен монша бөлмелеріндегі тазару үдерістерінің көріністері бойынша майлы бояумен бес дана сурет салған. Олар да осы уақытқа дейін, яғни 46 жыл бойы, экспозициялық қасиетін жоймай, музей-қорыққа келуші көпшілікке қызмет көрсетуде.
Өзбекәлі Жәнібековтың тапқырлығы таңғалдырады. Музейге айналған моншаның 1979 жылғы экспозициясына ХІІ ғасырдан жеткен аса құнды әдеби мұра, керемет тарихи дерек – «Қабуыснаманың» он алтыншы тарауындағы «Моншаға түсу ережесін» суретшілерге арнайы тақтаға шығыс стиліндегі жазба түрімен жаздырып, картина сияқты рамалап шығарды. Осы ережемен алғаш танысқан адам таңғалмай кетпеуші еді: «Не деген көрегенділік? Не деген терең білім, жоғары мәдениет!» деп.
Ғимараттың жаңадан қосылған кіреберіс бөлмесінде моншаның қасиеті жайлы анықтамалық мәтіндер мен оның жылыту жүйесінің сызбалары көрсетілген планшет-карталар да жыл өткендігіне байланысты жаңаланғаны болмаса, мәтіндері сол күйінде сақталуда.

Шығыс моншасы музейінің экспозициясына арнайы дайындалған және бір тарихи мұра – «Жер жастықтар». Бүгінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қорында мұндай жер жастықтардың үлкен бір данасы және жекелеген кісілерге арналған 14 данасы бар. Кезінде бұл заттай мұраларды да Өзбекәлі Жәнібеков Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер музейі қорынан көріп, біздің Шығыс моншасы экспозициясы үшін арнайы тапсырыспен Алматы «Тұскілем» фабрикасында дайындатқан.
Жер жастық – шығыс моншаларына тиісті инвентарьлар түрінің бірі. Ол – жұмсақ зат, жастық тәрізді етіліп арнайы моншалар үшін дайындалады да, моншадан шыққан соң әрбір шомылып, тазаланып шыққан адам жеке отырып, демалу үшін жер жастық үстінде отырып, кептірінетін болған. Мұндай жер жастықтардың түрлерін 1916 жылдардағы үлгілерге қарап, 1950-ші жылдары жезқазғандық Кабира Рахметова деген шебер кісі өз қолымен тігіп дайындаған. Бұл жер жастық қазіргі кезде Алматы қаласындағы Ұлттық Өнер музейінің қолданбалы өнер бөлімінің қорында сақтаулы.
Бүгінде жер жастық ұмыт қалған заттай тарихи мұрамыз болу керек, сондықтан ол заттар ұзақ жылдар бойы экспозицияға шығарылмады және оларды ашық күйінде музей экспозициясына қоюға болмағандықтан, арнайы витриналар жасатудың да реті болмаған болу керек. Дегенмен, үстіміздегі жылдың тамыз айында музей-қорыққа қарасты тарихи ескерткіштердің экспозицияларын толықтыру жұмыстары барысында бұл жер жастықтар мен 1970–80-ші жылдардағы монша инвентарьларының бірнеше түрлері арнайы витриналарға салынып, қайта шығарылды.
Алдағы уақытта Шығыс моншасы музейінің барлық бөлмелеріне реэкспозиция жасалады деп күтілуде. Музейге келуші туристерге әсерлі атмосфера сыйлап, оларды көне қазақ моншасының толыққанды қызметімен, архитектуралық кескін-келбетімен таныстыру үшін заманауи үлгідегі барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, қажетті экспозициялық алаң жасау қажет. Музей-қорығымыздың «Ұлттық» дәрежесіне сай монша экспозициясында заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген, жаңа форматтағы музей экспозициясы жасақталады деген жоспарымыз бар.
Р. Жүзбаева, көрме ұйымдастырушы

 

Алдыңғы ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бөлмелерінің экспозициясы

Келесі ақпарат

ХІІ-ХІХ ғасырлардағы Жұма мешіті музейі