Ұлттың үніне айналған киелі аспап – домбыра халқымыздың рухани байлығы мен мәдениетінің айнымас бөлігі. Осы мерекеге орай, өскелең ұрпаққа ұлттық өнерді танытып, дәріптеу мақсатында 04 шілде күні “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ұлттық Домбыра күніне орай “Алтын Домбыра” тақырыптық іс-шарасын Түркістан қаласындағы “Балауса” балаларды сауықтыру лагерінде ұйымдастырды.
Музейдің Экспозиция және көрме қызметі бөлімі оқушыларға арнап танымдық фото көрме ұсынып, ұлттық аспап — домбыраның тарихы мен ерекшелігі жайлы қызықты мағлұматтармен бөлісіп, өнерлі балалар өз-өнерін көрсетіп, алғыс хаттар мен марапатқа ие болды.
Арнайы қонағымыз — домбыра шебері Жамбыл Арыстанәліұлы домбыраның жасалуы, құрылымы және шеберлік қырлары туралы танымдық сабақ өткізді. Балалар аспапты өз қолымен ұстап көріп, ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырды.
Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен балалардың белсенді қатысуына ықпал еткені және шара барысында ерекше қолдау көрсеткені үшін лагер директоры Балжан Насирдинқызына алғысымызды білдіреміз.
Дарынды балалармен бірге өткен мәдени іс-шара – өнер мен тарихты ұштастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.









