МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі»: Ұлы ұстаз мұрасы Шығыс Қазақстанға жетті

2025 жылғы 19 тамыз күні Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» атты бірегей көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отырған маңызды жоба.

Көрме «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлескен жұмысының жемісі. Жобаның басты мақсаты – түркі өркениетінің рухани темірқазығы Қожа Ахмет Ясауидің өнегелі ілімі мен даналыққа толы хикметтерін және оның сопылық мектебінің құндылықтарын көпшілікке таныстыру.

Экспозицияда өткен ғасырлардың екі қазынасы тоғысқан: рухани және материалдық. Рухани жарық (нұр) Қожа Ахмет Ясауидің, оның шәкірттері мен ізбасарлары – Шейх Хұдайдат әл-Бұхари, Сопы Аллаяр, Мұхаммед Әли әс-Сыддықи мен Сұлтан Шади Жәңгір сынды тұлғалардың сирек кездесетін қолжазба кітаптары арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, материалдық жарық XII–XIX ғасырларда Түркістан өңірінде жасалған тарихи керамикалық бұйымдар мен қола шырағдандардан көрініс табады. Бұл екі элементтің үйлесімі келушілерге өткеннің терең білімі мен мәдени мұрасының мәңгілік сәулесін сезінуге мүмкіндік береді.

Көрме қонақтары «Диуани хикметтің» көне нұсқаларын, Ясауи дәстүрін жалғастырған ойшылдардың еңбектерін және сол дәуірдің бірегей тарихи жәдігерлерін тамашалай алады. Экспозиция тарихи деректерді, әдеби-рухани мұраларды және поэтикалық бейнелерді біріктіре отырып, Ясауи ілімінің – ғасырлар бойы ұрпақ жүрегінде өшпей келе жатқан шынайы жарық екенін дәлелдейді.

Көрменің ашылу салтанатына ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Бекболұлы алғашқы сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың мәдениет саласын дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Келесі кезекте облыстың бас имамы Думан Нәдірұлы қазақ даласында ислам дінінің таралуы мен орнығуындағы Түркістан қаласы мен Ясауидің рөліне тоқталды. Дін істері Басқармасының басшысы Жанат Жұмағазықызы өз сөзінде Ясауи мұрасын зерттеудің және оны жастар тәрбиесінде қолданудың қазіргі заман талабы екеніне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, мәдени шараға зиялы қауым, музей, кітапхана қызметкерлері, жас ғалымдар, студенттер және тарихқа, рухани мұраға қызығушылық танытқан көпшілік қатысты.

Көрменің ашылуы барысында дәстүрлі “Ясауитану-2025” байқауына ШҚО-нан қатысқан жүлдегерлер Ясауи бабамыздың «Уа, Жаратқан», «Сын сағат», «Пәруәрдигәр» сынды рухани сырға толы хикметтерінен шашу шашып, көрменің көркін қыздырды.

Шара соңында “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Мұсағалиұлы Дүкенбаев Шығыс Қазақстандық әріптестерге көрменің ұйымдастырылуы барысындағы жан-жақты қолдаулары үшін алғыс білдірді және музей-қорықтың баспа өнімдерін сыйға тартып, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Константиновна Светлана ханымды арнайы алғыс хатпен марапаттады.

«Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі 2025 жылдың 13 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Қуаныш Ысқақ, “Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының көрме ұйымдастырушысы.

Алдыңғы ақпарат

«Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» Ұлы ұстаз мұрасы Шығыс Қазақстанда

Келесі ақпарат

«Жас экскурсовод» үйірмесі