МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚАЙНАР КҮШЕК СҰЛТАН МҮРДЕХАНАСЫ, ХVІ ғ.

Ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік-шығыс бетінде орналасқан. Тарихшы, археолог Н.Б.Немцеваның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі айналасында 1958 жылы жүргізген қазба жұмыстарының есебінде жер асты құрылысы жайлы айта келіп оның үстінде бір кездері кесенесі де болуы мүмкін деген болжам жасайды. Тарихта талай соғыста ерлігімен аты шыққан Қайнар Күшек сұлтан Тәуекел ханның Бұхараны қоршаған әскерінің алғы шебін басқарады. Осы соғыста (1598ж.) Тәуекел хан ауыр жарақат алып Ташкентте қайтыс болады, ал Қайнар Күшек сұлтан шайқаста қаза табады. Қайнар Күшек сұлтан да әкесі Ондан сұлтан секілді Түркістанға жерленген. Әкесі Ондан сұлтанның Үлкен Ақсарай мен Кіші Ақсарай ортасындағы дәлізде (в сени) жерленгенін де осы ғалым жазып кеткен. Бұл құрылыстың орналасуының өзі-ақ (Қазақ халқының игі-жақсылары жерленген Үлкен Ақсарайдың сыртқы қабырғасынан 5м жерде) оның халқымыздың ең бір қадірлі де батыр ұлдарының бірі екендігін көрсетеді. Оның бас сүйегіндегі айбалтаның үшкір жағымен ұрған соққыдан түскен диаметрі 3см тесік марқұмның өз ажалынан өлмегенін, соғыста, шайқаста қаза тапқанын көрсетеді.

Кесенесі болмаған, оның орнына төртқұлақ сағанасы болған, уақыт һте келе ол жойылып кеткенімен жер астындағы лахат-мүрдеханасы сақталған. Бұл құрылысты 1954-1958жж. архитектор Н.Усманходжаев пен археолог Н.Б.Немцева аршып зерттеген, 1997ж. Түркістан археологиялық экспедициясының (Е.Ә.Смағұлов) археологы М.Қ.Тұяқбаев толық аршып қайта зерттеп шыққан. 2020 жылы «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің тапсырысымен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының мамандары қайта аршып, тұмшалау жұмыстарын жүргізді.

Әдебиеттер:

  1. Тұяқбаев М. Тағы бір жер асты құрылысы жайлы // «Түркістан» газеті. 1998ж. №49. 4-б.
  2. Тұяқбаев М. Түркістан сырлары. (Ғылыми мақалалар жинағы). А., 2000. 52-55 бб.
  3. Қайнар Күшек сұлтан // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. Түркістан, 2021. 187-188 бб.
  4. Тұяқбаев М. Түркістан кесенелері мен мазараттары. «Түркістан» газеті. 2024.
  5. Немцева Н.Б. Археологические раскопки у комплекса Ходжа Ахмеда Ясави (1958г.) // ИАН Каз ССР. Сер. Ист. Археол. этногр. Вып. 1(15), 1961. – С.95-98.
Алдыңғы ақпарат

БЕЛГІСІЗ ЖАҢА МҮРДЕХАНА, ХV-ХVІ ғғ.

Келесі ақпарат

САРАЙ АТА МАЗАРЫ, ХVІІ-ХVІІІ ғғ.