Түркістан қаласынан солт.батысқа қарай 41 шақырым жерде, Жібек жолы ауылдық округі аумағында, көне Қаратөбе-Сауран археологиялық ескерткішінің оңтүстік-шығыс бетінде 600 метр жерде орналасқан. Координаттары: 43˚28.952΄, 067˚47.081΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 236м. Заманында қандай болғаны белгісіз, ал қазір тек құлпытасы ғана сақталған. Құлпытасы күйген кірпіштен қаланған. Айналасы темір шарбақпен қоршалған, құдығы бар, күтімді жер. Құлпытасының ұзындығы – 10,2 метр, ені – 1,6 метр, биіктігі – 1,5 метр. Маңында көне шикі кірпіштен қаланып, қирандысы сақталып қалған дуалдар бар. Сәдуақас ата жайлы деректер өте аз, дегенмен, Әмір Темірдің вакуфтық қолхатында «Хазрати Сағди Уаққас» деген атпен кездеседі. Сәдуақас ата жайында екі түрлі аңыз бар. Бірінде ол Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабасы, яғни көзін көрген сенімді әскер басы делінсе, екіншісінде Әзірет Сұлтанның ұрпағы деп көрсетілген. Бұрын басында кесене де, мешіт те болған сияқты, бізге дейін жеткені мазардың оңтүстік бөлігіндегі дуалы ғана. Жалпы жер көлемі 2,0 га. Қала тұрғындары да жерленген Сәдуақас ата мазарының көлемі 1-1,5га, мұнда көптеген көне молалар ізі сақталған. Мазаратта «хазира» деп атайтын дуалдан тік төрт бұрышты етіп қоршалған жерлер бар, олардың саны бесеу, әрқайсысында ескіден келе жатырған топырақ үйіндісі түріндегі молалар да сақталған. Олар ұзына бойымен С-О бағыты бойынша тұрғызылған, оңтүстік қабырғасынан кіріп-шығатын ойық жасалған, сірә, жанұялық мазарлар болған сияқты. Қорымның басты нысаны болып Сәдуақас ата құлпытасы есептеледі. Ол Әмір Темірдің Әзірет Сұлтан кесенесіне берген «Вакфнамесінде» «Сағди Уаққас» деген атпен аталып, оның ұрпақтарына Мір Қарасу арығының бойынан екі қос жер (10га) мәңгілікке тегін пайдалануға беріледі делінген. Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауи, Шайдайы Шайх (Сидақ ата), Сағди Уаққас (Сәдуақас) сияқты үш әулиенің ұрпақтарына ғана вакфтық жер мен өзен, жылға, арықтар бөлген, осыған қарағанда, XIV-XVғғ. Түркістан өңіріндегі мыңдаған әулиенің ішінен осы үшеуі ең атақты да ел қадірлеген адамдар болған сияқты. Ел ішіндегі аңыз бойынша Сағди Уаққастың кәсіпшілігі қасапшылық болған сияқты, әлі күнге дейін Түркістан ауданындағы қасаптары оны өздерінің Пірі деп есептеп, аса қадірлейді. Сәдуақас ата да «Сауранның тоғыз бабының» бірі болып табылады.

Әдебиеттер:
- Сәдуақас ата мазары // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. Түркістан, 2021. 286-287 бб.
- Сәдуақас ата мазары, ХІІғ. // Түркістан өңірінің тарихи – мәдени ескерткіштері. А., 2016. 119-120 бб.
- Қала төңірегіндегі // Байпақов К.М., Смағұлов Е.Ә. Ортағасырлық Сауран шаһары. А., 2005. 16-19 бб.
- Смагулов Е. Древний Сауран. А.,2011.-С.32-40.
- Добросмыслов А.И. Города Сырь-Даринской области. Чимкент, Туркестан…Таш.,1912.-С.38-43








