Түркістан қаласынан солт.батыста 44 шақырым жерде, Жібек жолы ауылдық округі аумағында, Сауран қаласының шығыс жағында 200-300 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚31.022΄, 067˚46.540΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 210м. Мұнда күйдірілген қыштан салынған кесенелердің қиранды қалдықтары мен құрылыссыз молалардың орындары сақталған. Зират пахса дуалдарымен қоршалып, жалпы ауданы 60х80 метрлік тіктөртбұрышты жерді алып жатыр. Қазіргі таңда пахсадан қаланған зираттың қорғандарынан тек айнала қоршалған үйінділері ғана қалған. Жергілікті халық осы зираттың ең үлкенінде Қарахан ата жерленгендігін айтады. Ол туралы аңыз-әпсаналардың бірінде көне замандарда Сауран халқының малы қарақан ауруына шалдығады. Кеселден бақташылардың бірі малдардын Қарахан ата мазарының маңына түнетіп, аурудан аман алып қалады. Кейіннен бұл орын қасиетті саналып, зиарат орнына айналды. Жергілікті халық бұл зиратты «Қарақан ата», «Қарақан әулие» деп те атайды.
Қарахан ата мазарында Сауранның ең атақты адамдары мен осы қаланы салуға көп еңбегі сіңген Ақ Орданың ханы Сасы Бұқа (1320ж. қ.б) да жерленген болуы мүмкін. Күйген қыштан қаланған кесенелердің ірге бөліктері сақталған, тіпті біреуінің жер асты мүрдеханасы да бар екендігі анық байқалады. Қарахан ата қорымы Сауран қаласынан бұрын-ақ қалыптаса бастағандығы анық. Қарахан ата да аңыз әңгімелердегі «Сауранның тоғыз әулиесінің» бірі болып табылады.
Жоспар сызбасы
Әдебиеттер:
- Байпақов К.М. Смағұлов Е.А. Ортағасырлық Сауран шаһары. А., 2005. 17-18-19 бб.
- Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 91 б.
- «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. І-том. Түркістан., 2021. 193-194 бб.
- Бейсенбаев А.И. Культ святых у современного населения в окрестностях средневекового Саурана // Тезисы докладов научной конференции молодых ученых «Ахинжановские чтения-2004», А., 2004.- С.86.








