МАҢЫЗДЫ :

nothing found

БАБ ҒАРІП КЕСЕНЕСІ, ХІХ ғ.

Ескі Түркістан қаласы, Жеті ата қақпасының маңында орналасқан. Бір бөлмелі құрылыс. 2009-2010жж. археологиялық қазба жүргізілген, 1910 жылғы фотосы сақталған. О. Дастанов өзінің «Әулие жерлер туралы шындық» кітабында дін иегерлерінің түсіндіруінше Түркістаннан бір кісі Меккеге барады, алайда қайтуға ақшасы жетпейді. Әбден шаршаған ол кісі Мұхаммед пайғамбар мәйітін құшақтап жылайды екен. Күндердің бір күнінде оған бір адам келіп ертеңгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатындығын және сол аттың иесі кез келген арманыңды орындай алатындығын айтады. Еліне оралуды қалаған кісі айтылған ағашқа барып байланған қара атты көреді. Аттың шылбырын ұстап оның иесін күтуге қалады. Жұма намазы аяқталған соң аттың иесі келеді, алайда күтіп тұрған кісі шылбырын жібермей оны тастамауын жалына өтінеді. Кісіні аяған ат иесі оны артына отырғызып, көзін жұмып және сол сәтте ашуын сұрайды. Көзін ашқан кезде олар Түркістанда болады. Ат иесі Әзірет Сұлтанға қарай кетіп бара жатқан кезінде оның есімін сұрағанда «мен Баб Арабпын» деп айтады да сол сәтте ғайып болып кетеді. Еліне оралған кісі бұл оқиғаны халқына айтып, атпен түскен жерінде Баб Арабқа арнап күмбез салады делінген.

2011 жылы Жеті Ата қақпасын тарихи деректер негізінде сақталған іздері бойынша қалпына келтіру жұмыстары барысында кесектен қаланған кесене қабырғасы анықталған болатын. Сондай-ақ, Баб Араб кесенесінің ізі, төртбұрышты кірпіштен тұратын еден бөліктері табылды. Бұл құрылыс ортасында күйген қыштан қаланған және сырты кейінгі кездері бірнеше рет қара сыбақпен, соңыра құм сыбақпен сыланып, әктелген, көлемі 3,25х1,7м, биіктігі 1 метрлік құлпытасын қоршап күйген қыштан еден төселген, өлшемі 4,5х4,6м. Оны қоршаған төрт бұрышты бөлменің қабырғаларының іргесі сақталған, оны ғылымда «патша кірпіші» деп аталып кеткен, өлшемдері 25,5х13х6,2 см болатын кірпіштен қалаған (XIXғ.). Еденге төселген кірпіштердің өлшемдері 23х24,5х5см және 24,5х24,5х5см болып келеді. Кесене құрылысының сыртқы өлшемдері 5,75х5,5м, есігі ОШ беттен шығарылған. 1910ж. фотосуреттен кесененің қабырғалары мен күмбезі қам кесектен қаланғандығын байқаймыз, қалай болғанда да, сырты қалын етіліп қара сыбақпен сыланған, биіктігі шамамен 5м (күмбезінің ұшына дейін). Кесененің еденіне төселген кірпіштері көне заманға жатады, шамамен XIV-XVғғ.

Қазіргі күні Баб Арабтың ұрпақтары Қызылорда қаласы мен қала маңында тұрады. Бүгінде марқұм болған ұрпағы Жолдыбаев Өтеген Ысқақұлының айтуынша «Баб Араб, Баба Ғаріп, Баба Араб ата» дегендер ол кісінің ныспысы, ал шын өзінің есімі Сабыр Мәлік, ұрпақтарының қолында «Насабнамесі» де бар көрінеді.

Әдебиеттер:

  1. Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ. Түркістан қаласының Жеті ата қақпасында 2011ж. жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебі. Түркістан, 2011. Ескерткіштерді қорғау бөлімінің архиві.
  2. Мұсабаев Қ. Баб Араб мешіті мен кесенесі орнында жүргізілген археологиялық зерттеу// «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» атты халықаралық ғылыми – теориялық конференция материалдары. Түркістан, 2015. 279-285 бб.
  3. Баба Араб әулие // «Әзірет Сұлтан» энцеклопедиясы. Түркістан, 2021. 83 б.
  4. Дастанов О. «Әулиелі» жерлер туралы шындық. А., 1967.53-54бб.
Алдыңғы ақпарат

ҮНДЕМЕС АТА КЕСЕНЕСІ, ХІХ ғ.

Келесі ақпарат

ҮКАША АТА МАЗАРЫ МЕН ҚҰДЫҒЫ, VII-ІХ ғғ.