Бұл 1880 жылдары Түркістанда өмір сүрген кісі. Кесенесі Жеті ата қақпасының маңында орналасқан. Түркістан археологиялық экспедициясы тарапынан 2009-2010жж. археологиялық қазба жүргізілген, 1910 жылғы фотосы сақталған. 2019 жылы кесенесі толық қайта қалпына келтірілді. Үндемес ата делініуінің себебі ешкімге үн қатпаса керек. Күндіз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің босағасында отырып, түнде ескі мазарға түнейді екен. Дін иелерінің уағыздауынша ол «халыққа бір ауыртпалық, я оба секілді кесел келетіндей болса алдын ала біліп, түнімен өкіріп шығатын болған». Сондықтан оны «құтып» (жасырын әулие) деп атаған.
Ол бір күні түнде мазардың ішіндегі өзі қазған көрде дүние салады. Жергілікті халық сол жатқан жеріне көміп, үстіне сағана тұрғызады. Осыған байланысты оның қабіріне шырақ жағылып, зиярат жасау әдетке айналады. Бірақ, келгендер үндемей келіп үндемей кететін болады. Шырақшысы да құранын ішінен оқиды. Мазардың жанымен өтетін көлікке мінгендер көлігінен түсіп жаяу жүретін болған және «Үндемес — атаның» аруағына тиын-тебен тастамай кетпеген. Мұндай әдет ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталып келген.

2009-2010жж. Археологиялық қазба жұмыстары Жеті ата қақпасының ішкі жағына салынған көптеген құрылыстарды ашты. Атап айтсақ Баб Араб пен Үндемес ата кесенелері (1-сурет, №1-2). Екінші нөмірмен берілген Үндемес ата кесенесінің қабырға өлшемдері әр түрлі болуы себепті батыс бұрышы созыңқы болып түскен. Бұлай болуына қала қорған қабырғасының қисықтығы әсер еткен. Үндемес атаның басы Әзірет Сұлтан кесенесіне қарай бағытталған, ал, дәл қасында, көрші кесенеге (№1-бөлме) жерленген Баб Арабтың басы СБ-қа бағытталған, бұл ислам талабына сай жерленген болып есептеледі. Үндемес атаның басы Әзірет Сұлтанға бағытталуы ол өзі көзі тірісінде қабірін қазып алып, үйшік сияқты ішіне түсіп, түнеп пайдаланғанынан да болуы мүмкін. Ол қайтыс болған соң жанашырлары сол жатқан күйінде жуып, шайып, жаназасын да шығарып жерлеген болуы керек.
Алғашқы құлпытасы күйген қыштан қаланған, қазіргі күні оның алты қатары көрініп тұр, соңғы жөндеу кезінде оны қалыңдығы 5-10см лай қабатымен сылап тастаған. Өлшемдеріне келсек құлпытастың қазіргі биіктігі 1м шамасында, ұзындығы 3,2м, ені табанында 1,6м болады. Кесенесіне келсек – СШ қабырғасы көрші Баб Араб кесенесі екеуіне ортақ, оның ұзындығы 6,4м, қалыңдығы 0,5м. ОШ қабырғасының ұзындығы 4,5м, қалыңдығы 0,5-0,8м дейін ауытқиды. СБ қабырғасы өте нашар сақталған, ұзындығы 6м, қалыңдығы 0,5м шамасында, ОБ қабырғасының ортасынан есік ойылып шығарылған, ұзындығы 6,4м, қалыңдығы 0,7м. Есігінің ені 0,9м. Бөлменің ішкі өлшемдері де әртүрлі – СШ қабырғасы ұзындығы 5м, ОШ-3,5м, СБ-4,4м, ОБ-5,4м трапецияға ұқсас бөлме. Қатар тұрған екі кесененің 1910ж. фотосы сақталған. Фотодан кесенелердің бір уақытта кесектен тұрғызылып, сырты сапалы да қалын лай сыбақпен сыланғаны байқалады. Кесенелер XIXғ. 90-шы жылдары салынған.
Әдебиеттер:
- Мұсабаев Қ. Үндемес ата кесенесі. // «Ұстаз» газеті., 2015ж., 20 қазан. 6 бет.
- Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбеава Ұ., Мұсабаев Қ., Мүтәшев Е. Ескі түркістан қаласының Жеті ата қақпасының орынында 2009ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының есебі. «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің архиві.
- Тұяқбаев М. Төрт қақпалы Түркістан // «Ясауи мұрасы» газеті. №1 (13), қаңтар, 2018ж.
- Үндемес ата // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан, 2021ж. 334-335 бб.








