Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жыл басынан бері қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтармен көптеген шараларды бірлесе ұйымдастырып келеді. Солардың бірі — Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай музей-қорықтың өткізген «МЕЙІРІМДІЛІК – ІЗГІЛІКТІҢ ЖОЛЫ» тақырыбындағы шарасы.
1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күнін жыл сайын 3 желтоқсанда тойланады деп белгілеген. Ал 1993 жылғы 15 маусымдағы Президенттің №1224 Жарлығымен қазан айының екінші жексенбісінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар күнін белгілеу туралы Жарлыққа қол қойғаннан бастап, жыл сайын дәстүрлі түрде осы ізгілікке және жылылыққа толы мейрамды үзбей атап өтіп келеді. Бұл мереке ең алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың түйткілді мәселелеріне қоғам назарын аударуға, оларды әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени өмірге қатыстыруға, құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған.
Музей-қорық ұйымдастырған шараға қаламыздағы «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының бір топ мүшелері қатысты. Шарада «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. М.Тастанбеков сөз кезегін алып, бүгінгі шараның мәні мен маңыздылығына тоқталып, музей-қорық әлеуметтік топтармен жұмысын одан әрі жандандыра беретіндігіне тоқталды. Сөз соңында «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы Шалтан Еркінбай Керімбайұлына Алғыс хатпен музейдің баспа өнімдерін сыйға тартты.
Мәдени-көпшілік шараның көрігін одан әрі Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер орталығының қызметкері С.Қонысбеков жанды дауыста «Елге сапар» әнімен әрлеп, дүйім жұртты желпіндіріп тастаса, Түркістан қалалық ақындар мектебінің оқушысы, дәстүрлі әнші Мейірлан Серікғали «Әгугәй» әнін нақышына келтіріп орындады.
Жүргізуші қасиетті қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың басын бір арнаға тоғыстырып отырған «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы Шалтан Еркінбай Керімбайұлына сөз кезегін ұсынды. Қоғамдық ұйымды бір шаңыраққа ұйыстырып отырған Е.Шалтан алдымен әріптестерін халықаралық мерекемен құттықтап, шараны ұйымдастырып отырған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына риясыз алғысын айтып, музей мен қауымдастық арасындағы әріптестік байланысты одан әрі жандандыруға ниетті екендігін жеткізді.
Шараға келген қонақтар одан әрі Түркістан тарихы музейінде ашылған «Өзбекәлі Жәнібек және музей ісі», «Теңгелер сыр шертеді» көрмесін тамашалады. Көрменің экскурсиясын музей экскурсоводы Г.Жүзбаева мен қор сақтаушы Т.Жолдасов жүргізді.
Одан әрі шара қонақтары дастарханнан дәм татып, өнерпаздардың өнерлерін тамашалап, рухани шарадан, рухани тебіреніспен тарқасты.
Берік БАЙБОЛ,
ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы.