Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен іліміне арналған көшпелі көрмені тамашалаушылардың күн санап саны артуда. Көшпелі көрме Сауран ауданы, Шорнақ ауылы №5 жалпы білім беретін мектебінде жалғасын тапты. Мектептің мәжіліс залына жиналған оқушылардың көрмеге деген ықыласы мен пейілі өте зор екендігін байқадық.
Көрменің экскурсиясын музей-қорықтың кіші ғылыми қызметкері Т.Оразов жүргізсе, кіші ғылыми қызметкер С.Байсеит және қор сақтаушы Д.Адиев «Қожа Ахмет Ясауи мұралары» тақырыбында дәріс өткізді. Көрменің экскурсиясы мен дәрісті табылжымай тыңдаған оқушылар мен ұстаздар қауымы рухани сусындағандарын жасырмады.
Көрме экспозициясына 60-тан астам жәдігерлер қойылды. Онда Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама», «Миратул Қулуб», «Рисалла дар адаби тариқат» кітаптары, соңғы жылдары жарыққа шыққан «Диуани хикмет» кітабының нұсқалары мен музей қорында сақталған этнографиялық жәдігерлер және 1871-1872 жж. А.Кунның «Түркістан альбомы» кітабында жарияланған кесене, ондағы тайқазан, лауха, есіктер, кесене маңындағы тарихи орындардың фотосуреттері көпшілікке таныстырылды.
Т.ОРАЗОВ, С.БАЙСЕИТ,
кіші ғылыми қызметкерлер.