МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Халықаралық «Қазақстан музей конгресі» — әлемдік музей ісін жетілдіру шарасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстандағы Франция елшілігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен биыл қыркүйек айының 23-24-і күндері Астана қаласында Ұлттық музей негізінде халықаралық Қазақстан музей конгресі өтті. Конгреске «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының бірнеше қызметкерлері өз мақалаларын жолдаған болатын, олардың барлығы дерлік конгрестің жинақ кітабына енді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан; заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында соңғы уақытта еліміздің саяси жүйесінде түбегейлі өзгерістердің орын алғандығын, жұрттың сана сезімінде жаңа бетбұрыстардың болып жатқандығын айта келе «Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда» деп ерекше атап өтті. Сондықтан мұндай оң өзгерістердің орын алуына еліміздің музейлері де өз үлестерін қосып келеді деп саналады.
Бүгінде Қазақстан музейлерінде Ұлттық статистика бюросының 2024 жылы жариялаған деректеріне сәйкес, елімізде барлығы 275 музейдің табысты еңбек етіп жатқандығы белгілі, оның 48 тарихи, 112 өлкетану, 65 мемориалдық, 4 табиғи-ғылыми, 12 өнертану, 14 музей-қорық және өзге музейлер бар.
 Бүгінгі мақаламызда осы конгресте жасалған баяндамаларға, оның ішінде музей-қорық қызметкерлерінің мақалаларына, сондай-ақ еліміздің басқа да музей мамандарының әр түрлі тақырыптағы тың ойларына шолу жасап көрмекшіміз.
Конгрестің алғашқы баяндамасын Ұлттық музей директорының м.а., PhD докторы Сыдықов Айбек Жексеналыұлы жасады. Баяндамада ол осы халықаралық Қазақстан музей конгресінің Ұлттық музейдің 10 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырғандығын айта келіп, осындай қысқа уақыт аралығында еліміздің басты ғылыми орталықтарының біріне, материалдық-техникалық базасы мықты мекемеге айналғандығын және басқа да жеткен жетістіктері туралы ақпараттар беріп, жаһандық үдерістерден шет қалмай музей ісін дамытуға баса назар аударып келетіндігін атап көрсетті. Конгреске барлығы 12 мемлекеттің музей мамандары қатысып, 70-тен астам баяндамалар, 4 панельдік сессияларға бөлініп тыңдалды. Әр панельдік сессиялар бірнеше тақырыптар бойынша секцияларға бөлінді.
 Конгрестің пленарлық отырысында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Ж.Садықбеков «Музей маркетингі» тақырыбы бойынша өз баяндамасын жасады. Баяндамада қазіргі нарықтық жағдайдағы музей ісінің қызметі мен дамуы туралы өзекті мәселе сөз болды. Әлемнің мықты да дамыған музейлерінің көрсеткіштері мен Қазақстан музейлерінің жалпы көрсеткіштеріне саралау, сараптау жасалып, еліміздегі музей ісінің қай тұстарына басымдық беру мәселелері көтерілген бұл баяндама конгреске қатысушылардың қызығушылығын тудырды. М.Садықбеков «Еліміздегі музейлер, соның ішінде музей-қорықтар бәсекелі ортаға түсіп, нарық заңымен өмір сүрмейінше «бәрі адам үшін» деген қағидамыз орындалмай қалады. Өйткені қаржыны, маңдай термен табу және оның қадіріне жету әр адам музей үшін бауыр деген түсінік орнықпайды. Сондықтан да еркін бәсекеге негізделген кәсіби орта аса қажет. Ерте ме, кеш пе музей саласы да түбегейлі нарық талаптарына көшеді, жекеменшік музейлер көбейеді» деген тұщымды ой айтты. Сонымен қатар, музейлік маркетингтің маңызы туралы айта келіп, Қазақстанда фандрайзинг, краудфандинг секілді шет елдердің музейлері қолданып жүрген қаржы тартудың көптеген тәсілдерін енгізу де уақыт талабы екендігіне тоқталды.
 Конгресте «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының қызметкері С.Байсейіт музей ісінің жаңа технологияларды пайдалану бағыты бойынша «Музей ісіндегі нейрожелінің қолданылуы және оның болашағы» атты мақалысымен өзекті мәселе көтерді. Ол музей саласындағы заманауи технологиялар секциясында қаралып, қатысушылардың зор ықыласына ие болды. Онда музей ісінде нейрондық желілер келушілерге тарихты жаңа қырынан тамашалауға мүмкіндік беретін кеңейтілген шындықты жасау үшін пайдаланатын жаңа әдіс-тәсіл екендігі және музейлердегі нейрондық желілердің ең қызықты қолданысының бірі — келушілерге ғимараттың немесе ескерткіш тарихының белгілі бір кезеңінде қандай болғандығын көруге мүмкіндік беретін виртуалды әлем құрастыруға болатыны туралы айтылды. Бұл, әсіресе болашақта музей педагогикасы саласында балалармен жұмыс ұйымдастыруда пайдалануға өте тиімді музейлік коммуникацияның бір түрі деп қарауға болады.
 Сонымен қатар, конгресте «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының қызметкерлері Қ.Ысқақ пен Р.Жүзбаеваның халықаралық көрме ұйымдастыру барысында қол жеткізген табыстары туралы айтыла келіп, оны ұйымдастыру барысындағы кедергілер, атап айтқанда құнды жәдігерлерді сақтандыру мәселесі бойынша, олардың нақты бағаларын (құнын) анықтау комиссиясының жұмысына арнайы эксперттердің жетіспеушілігі, тасымалдау мәселесі бойынша арнайы заманауи барлық сақтық ережелері сақталған автотранспорттардың болмауы туралы жазған мақалалары бойынша конгрес резолюциясына ұсыныстар енгізілді.
 Конгресте ҚР Ұлттық музейінің қызметкері А.Г.Ибраеваның «Музейде тарихи көрмені құрудың отандық және шетелдік тәжірибесі» мақаласы да терең мағыналы, тың әдістемелік идеялары бар қызғылықты мақалалар қатарынан орын алды деп айтуымызға болады. Мұнда көрме және экспозиция ұғымдарына жан-жақты талдау жасалып, шет елдік жаңа форматтағы көрмелер құру әдістері туралы айтылған.
 «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері соңғы кездерде ойластырып жүрген мәселелердің бірі — ол инклюзивті музей мәселесі болатын. Конгресте үшінші панелдік сессия «Инклюзивті музей; алғашқы қадам және нәтиже» деген тақырыппен семинар-треннинг өткізілді. Онда, еліміздің біршама музейлері мамандарының іс-тәжірибелерінен дәріс берілді, атап айтқанда, ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің музей педагогикасы бөлімінің жетекшісі Бапянова Зухра Саайлаубайқызының «Инклюзия: балаларды музей құралдарымен әлеуметтендіру» және Жамбыл облысы тарихи-өлкетану музейінің тәжірибесі бойынша Жүрсінәлиева Айман Жексенбайқызының «Тифломузей» жобаларына «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының ғылыми қызметкері Д.Арынова қатысып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік болды.
 Конгрес жұмысы барысында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ресей Федерациясы Орынбор тарихи-археологиялық музейі және Әзірбайжан Республикасы «Кілем музейі» арасында халықаралық мәдени-ынтымақтастықты нығайту меморандумына қол қойылды.
Қорытындылай келе, Қазақстан музей конгресінде әлемдік деңгейде музей қызметін жетілдіруге ықпал ететін құнды идеялар айтылып, бірлескен халықаралық ғылыми жобалар әзірленіп, оларды іске асыруға, музейтану ғылымындағы соңғы зерттеулер мен жарияланымдармен танысуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, бұл жиын музей саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға негіз бола алды деп толық сеніммен айтуымызға болады.
Р.Жүзбаева, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық
музей-қорығының ғылыми қызметкері.
Алдыңғы ақпарат

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР КІТАПХАНА ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Келесі ақпарат

КӨШПЕЛІ КӨРМЕНІ ТАМАШАЛАУШЫЛАРДЫҢ САНЫ АРТУДА