«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан «Ясауитану» клубы, «Жас археологтар», «Жас экскурсоводтар», «Жас реставраторлар» үйірмесі өз жұмысын бастады. Қаламыздағы мектеп оқушылары биылғы оқу жылынан бастап, осы аталмыш үйірме орталықтарына келіп, өз білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.
Үстіміздегі жылдың 9 қазан күні қаламыздағы №3 Хамза атындағы жалпы орта мектебі, №14 Қазыбек би атындағы жалпы орта мектебі, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектебі, №22 Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебі, Даму интеллектуалды мектебі, Ә.Навои атындағы жалпы орта мектебі, Сауран ауданына қарасты «Құмтиін» атындағы жалпы орта мектебінің бір топ жетекшілері мен оқушылары үйірме орталығының жұмыс жоспарымен танысып, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.
Кездесу шарасын музей-қорық директорының орынбасарлары Н.Дүкенбаев пен т.ғ.к. М.Тастанбеков ашып, үйірменің мақсат міндеттерін түсіндірді. Ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Б.Байболов, инспектор А.Тұрсұн, ғылыми қызметкер Д.Арынова әр үйірменің жұмыстарына жеке-жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Үйірме орталықтарына жазылған оқушылар енді апта сайын музей-қорық базасында өз білімдерін шыңдайтын болады.
Б.БАЙБОЛ,
бөлім басшысы.