2023 жылдың 27 желтоқсаны күні «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұйымдастыруымен ғылыми жоба аясында жарыққа шыққан «Түркістан қаласының тарихы», «Қазақстанның рухани жерасты мешіттерінің тарихы мен қызметі» атты монографиялық кітаптардың тұсаукесері өтеді.
«Түркістан қаласының тарихы» атты монографиялық еңбек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы түркі дүниесінің рухани астанасы болған ежелгі шаһар тарихын зерттеуге арналған.
Монографияда қоқандық дәуірге мағлұмат бере келе, қаланы патшалық Ресей әскерлерінің жаулап алуы, отарлық биліктің әкімшілік реформаларының шаһар өміріне әсері, Кеңестік биліктің орнауы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы большевиктік үкіметтің түрлі эксперименттері және оның салдары, ашаршылық және қуғын сүргін, соғыс жылдарындағы қала тұрғындарының ерен еңбегі мен Ұлы жеңіске қосқан үлесі, халық шаруашылығын қалпына келтіру және тоқырау жылдарындағы шаһар тынысы, соңғы тарауында егемендік алғаннан кейінгі қала тұрғындарының әлеуметтік экономикалық жағдайы, қаланың облыс орталығына айналуының қала тіршілігіне оң әсері, қала тұрғындарының әл-ауқатының артуы мәселелері жан жақты баяндалады.
Зерттеушілер қаралған мәселелерді үш таруға бөліп қарастырып, Ресей, Өзбекстан, Түркия және өз еліміздің архивтері мен кітапханаларынан алынған құжаттарды, деректік материалдарды орынды қолданған. Монографиялық еңбек теориялық және практикалық маңызға ие. Зерттеу жұмысында қолданылған түп деректер: халық санақтарының нәтижелері, патшалық және кеңестік билік тұсындағы өлкені арнайы зерттеген және тексерген ғалымдар мен шенеуніктердің қолжазбалары, мемлекеттік статистикалық ресми мәліметтер, тұрғындардың естеліктері монографиялық шығарманың құндылығын арттыра түскен.
«Қазақстанның рухани жерасты мешіттерінің тарихы мен қызметі» атты монографиялық кітапта Қазақстандағы рухани жерасты мешіттері туралы мәліметтер жинақталып, олар хронологиялық және типографиялық жағынан топтастырылған. Жерасты мешіттері туралы бағдарлама мүшелерінің ғылыми-зерттеу бағдарламасы бойынша ғылыми сарапталған деректері мен материалдары оқырманға жол тартып отыр.
Қорыта айтқанда, монографиялық еңбектер тек тарихшыларға ғана емес, сонымен бірге, саясаттанушыларға, экономистерге, қаланың барлық салаларда дамуына мүдделі аумақтық және жергілікті басқару органдарына, Отан тарихына қызығатын көпшілік қауымға арналған.
Тұсаукесер 27 желтоқсанда сағат 11.00-де облыстық «Фараб» кітапханасында өтеді.