Саңғыл Дүйсен би Сауранбай ұлы жайлы деректі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының алғашқы қор сақтаушысы О. Дастанов. Әулиелі жерлер туралы шындық .- Алматы. 1967 жылы шыққан кітабында көнекөз шырақшылардың аузынан естіп жазып алғандығын атап өткен. Өкінішке орай, Саңғыл Дүйсен би Сауранбайұлы жайлы деректер жоқтың қасы деуге де болады. Тек шежіре бойынша саңғыл – Орта жүз Қоңырат тайпасының құрамындағы ру. Шежіре деректері бойынша, Саңғыл ағысай, самай, нұрсай, қошқар, қаратілес, тиес деген аталарға бөлінеді. Бір аңыздарда Шыңғысты ақ киізге салып хан көтергенде тікелей қатысқан билердің бірі Саңғыл би екен делінеді. Аңыз бойынша (Ә.Кекілбаев) Саңғыл биге (Сеңкеле, Сенгеле, Сәңкеле) Шыңғыс хан «Ұраның-Қоңырат, құсың-қыран, ағашың-алма, таңбаң-ай болсын» деп бата берген (Отырар энциклопедиясы.- А., 2005.- 322 б.). Келесі бір аңызда «Ұраның-қоңырат, құсың-сұңқар, таңбаң-қос әліп» деп те айтылады. Саңғылдар 1917 жылға дейін Сырдария облысының Түркістан өлкесінде, Қаратаудың теріскейі мен күнгейінде, Қозмолдақ, Сызған, Күмісті, Бақырлы, Үштөбе, Жартытөбе, Мыңшұқыр, Шылбыр, Көкіш деген жерлерді (қазіргі Түркістан облысы Созақ, Түркістан аудандары) мекендеген. Ноғайқора, Көкшеқұм болыстарын құраған. Ұраны –Мүлкаман, таңбасы жалпы қоңыратқа ортақ ІІ (босаға) болған.