Бүгін Түркістан облыстық Мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала елі» орталығында «Музей қызметкерлерінің I Жазғы мектебі» атты алқалы жиын өтуде.
Елімізде бірінші рет өткізіліп отырған Жазғы мектеп жұмысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Г.Пазылованың құттықтау сөзімен ашылды.
Екі күнге жоспарланған республикалық шараға «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының да бір топ қызметкерлері қатысуда.
Музей мамандары үшін елімізде алғаш рет ұйымдастырылған республикалық Жазғы мектептің мақсаты – жаңа әдістемелік алаң қалыптастыру арқылы мамандардың біліктілігін арттыру, кәсіби байланыс орнату, идеяларды жүзеге асыру үшін талқылауға мүмкіндіктер беру.
Музей саласының түрлі бағытында зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдар, біліктілігі жоғары мамандар бас қосқан шара ертең де жалғасатын болады.