Сүзік ата. Кейбір деректерде Сүксүк ата деп те келеді. Шын есімі Мұстафақұл болған. 1140 жылы Түркістанның Қарашық қыстағында дүниеге келген. Ясауи бабаның қызы Гауһар Хоштәждің кенже ұлы болған. Балалық шағында бабасы жиен немересін «менің сүзігім (сүйіктім) хош келдіңіз!» деп еркелететін себепті басқалар да осы есіммен атап кетіп, тарихта аты осылай қалған деседі. Екі жерде, Ташкент пен Сайрамның оңтүстігінде кесенесі бар.
Ташкенттегі Сүзік (Сүксүк) атаның қабірінің үстіне 1392 жылы Әмір Темір кесене және мешіт салдырған. Ол Ханақада 700-ге жуық намазхан құлшылық жасай алатындай мүмкіндік болған. Өкінішке қарай 1930 жылы мешіт-медресе жабылып, метал бұйымдар цехына айналдырылған. 1985-1990 жылдарға шейін ең үлкен күмбезді (диаметрі 10метр) мешіт болған зияратхана сол күйінде қалған.
Сүзік (Сүксүк) ата қайтыс болған 1217 жылдан бері Сүзік атамен бірге барған ұсталар махалласын (ауылын) Сүзік (Сүксүк) ата атымен атай бастаған.
Ал Сайрамның оңтүстігіндегі Сүзік ата кесенесі XII-XIV ғасырларға тән. Бұл кесенені қадам жайлары болған себепті салған болса керек. Яғни, Сүзік атаның Сайрам өңірінде де біршама уақыт тұрғандығы жайлы деректер көптеп кездеседі. Алайда Сүзік атаның Сайрамдағы кесенесі XVIII ғасырда қирап,1996-жылы қайта қалпына келтіріледі. Бұл кесене орналасқан ауыл Сүзүк атаның азан шақырылып қойылған атымен, яғни «Мұстафақұл ата» ауылы деп аталған.
Зерттеушілер Сүзік атаның есімі Мәулана Орын Қойлақының «Насабнамасында», Ысхақ бин Ысмайыл атаның «Хадиқат ул-Арифин», Әли ибн Хусейіннің «Рашахат мин айн ул-хаят», Мұхаммед Алим Сыддықидың «Ламахат мин нафақат ил-қудс» атты танымал еңбектерінде кездесетінін айтады.
Сүзік ата Отырарда Ясауи бабаның төрт халифасының бірі Сопы Данышпан Зарнұқидің қызметінде он бес жыл болып, халифа дәрежесіне жетіп, Сайрам, кейіннен Ташкент қалаларына барып көптеген шәкірттер тәрбиелеп халыққа, дінге қызмет етеді.
Сүзік атаның халифалары – Ибрагим ата мен Таразда басшылық еткен Малик уз-зуххад есімді адам. Осы екі халифасының ізбасарларының қадамдары Хожент, Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Тараз, Қашғар, Кабул т.б.Орта Азиядағы қалаларға дейін жетіп, Ясауи ілімі кеңінен қанат жайған.
Ұлықбек Жүнісбаев, кіші ғылыми қызметкер.