МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Тоған көмбесінің» ұсақ мыс ақшалары

1998 жылы көне Түркістан қаласының аумағындағы «Тоған» деп аталатын ортағасырлық су қоймасының жағалауында қазба жұмыстарын жүргізген ТАЭ отряды 459 дана мыс тиындардан тұратын көмбе тапқан болатын. Тиындар 2000 жылы «Әзірет Сұлтан» музейінің қорына 1451\1-459 номерімен қабылданған. Көмбе құрамы түгелдей дерлік Ташкент ақша сарайында шекімеленген ұсақ мыс ақшалардан тұрады. Тек, бір тиын бетінде ғана Ясы ақша сарайында соғылғандығы көрсетілген. Ясы ақша сарайында соғылған тиынның сақталу деңгейі төмен. Тиынның теріс бетіндегі шекіме бедерлері толықтай жойылып кеткен.

Көмбе құрамындағы 87 тиын беттеріне шекіме бедерлері мүлдем түсірілмеген. 127 тиынның сақталу жағдайының нашарлығына байланысты олар жайлы анықтама беру мүмкін болмаған. Тиындардың барлығы сыртқы пішіндері мен көлемдеріне қарай біртекті. Диаметрлері 15-20 мм. аралығында. Салмақ көрсеткіштері бойынша көмбе құрамындағы титындардың ең жеңілі 1,2 грамм болса, ең ауыры — 2,33 граммды көрсетіп отыр. Осылайша, көмбе құрамындағы тиындардың орта салмақ көрсеткіші 1,85 граммды құрап отыр.

Тиындардың шекімелеу технологиясына келер болсақ, XVI ғ. ақша шекімелеу ісінде кеңінен қолданылған, жұмырланып созылған мыс сымды белгілі бір салмақ көрсеткішіндегі көлемде кесіп алып, тиын соғуға дайындалған штемпельге салып соғу технологиясы арқылы іске асырылғандығы тиындардың пішіндерінен анық байқалады.

Көмбе зерттеудің күрделелігі тұрғысында орта күрделіліктегі көмбелер қатарына жатады. Себебі, көмбе толықтай дерлік бір ақша сарайында, бір құндылықта соғылған мыс ақшалардан тұрады. Тиындардың негізгі беттерінде ақша сарайының атауы – Ташкент және Ясы жазбалары ғана түсіріліп, соғылған жылдық көрсеткіштері көрсетілмеген. Ал, келесі беттерінде түрлі пішін мен көлемдегі доға пішінді сызықтардан тұратын, белгілі бір кескіндік мәнге ие емес «өрнектерден» тұрады.

Қазақстандық зерттеуші-нумизмат Р.З.Бурнашева көмбе құрамындағы Ташкент ақша сарайының өнімдерін реверстеріндегі «өрнектердің» кескіндеріне қарай 9 типке бөлген. Тиындардың 9 типке бөлінуінің өзі көмбе құрамындағы тиындар бір мезгілде емес, үзілістермен белгілі бір уақыт аралығында соғылып отырғандығын көрсетеді.

Көмбе құрамындағы тиындардың орта салмағының 1,85 гр. тең болуы, XVI ғасырда Көшкінші хан жүргізген ақша реформасынан кейін 5,2 граммға тең болған негізгі номиналдағы мыс динарлардың 1/3 бөлігін құраған ақша номиналы болғандығын көрсетеді.

Көмбе, XVI-XVII ғасырларда Түркістан қаласы мен оған қарасты аумақта ұсақ сауданың үлкен қарқында жүргендігіне дәлел болатын тағы бір көрсеткіш болып отыр. Көмбе егесінің не себептен дәл осы номиналда соғылған ақшаларды жинағандығы белгісіз болып отыр. Дегенмен, көмбе иесі қалада ұсақ саудамен айналысатын саудагер болған болуы мүмкін деген жорамал жасауға болатындай.

 

Алдыңғы ақпарат

Қазақтың киіз үйі Германияда өткен ірі халықаралық туристік көрменің көзайымы болып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды

Келесі ақпарат

TOП-5: Қазақстанның ең ерекше кітапханалары