Бүгін, 2 наурыз күні «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы, Түркістан қаласы әкімдігі және Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімі бірлесіп «Музейге жол» шарасын бастады.
Шара өскелең ұрпақты ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру арқылы елдік санаға баулу, интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, Кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін жас ұрпақтың бойына сіңіру, тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау, байырғы жәдігерлердің тарихымен таныстыруды мақсат тұтады. Онымен қоса, музей ұлттық идеологияның бастауы. Онда халқымыздың сан-ғасырлық тарихи шежіресі қатталған, қатпар-қатпар тарихы, құнды мұралары сақталған. Музей — тарих, музей — шежіре, музей — білім, сан-салалы өнер мен ғылымның қоспасы бар. Музей — өткеніміз бен бүгінгі тарихымызды жалғайтын, мәдени дүниетанымымызды байытатын, руханилыққа жеткізетін ғылыми орталық. «Музейге жол» шарасы оқушылардың мәдениетке, өткен тарихымызға деген ынтасын оятып, балалар туризмінің дамуына жол ашады.
Аталмыш шараның ашылуына Түркістан қаласының әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы, «Әзірет Сұлтан музей-қорығының директоры Садықбеков Мәулен Жарылқасынұлы, Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің меңгерушісі Қолдасова Оразкүл Шайқызы, бұқаралық ақпарат құралдары, музей ұжымы және қаламыздағы №27 Ө.Жәнібеков атындағы жалпы орта мектебінен 150 оқушы қатысты. Шарада қала әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы құттықтау сөз сөйлеп, шараның мәні мен маңызының ерекшелігіне тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Музей экскурсоводтары 150 оқушыға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рәбия Сұлтанбегім кесенесі, Есім хан, Тәуке хан, Жұма мешіті, Қылует жерасты мешіті музейі, Шығыс моншасы музейі, Түркістан тарихы музейімен таныстырды. Мектеп оқушыларына «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» тақырыбында жарық көрген кітапшалары таратылды.
«Музейге жол» музей-қорықтың ауқымды жобаларының бірі. Оған қаладағы барлық мектептер мен балабақша тәрбиеленушілері қатысады. Аптасына бейсенбі, жұма күндері қаладағы 1 (бір) мектептің 3-11 сынып аралығындағы 200 (екі жүз) оқушысы музейге келіп, көрмелермен, экспозициялармен танысады. Оқушыларға экскурсия қазақ, орыс тілінде жүргізіледі. «Музейге жол» шарасына жыл соңына дейін қаладағы мектептер мен балабақшалардан 300 000 (үш жүз мың) бала қамтылады деп күтілуде.
Алдағы уақытта «Музейге жол» шарасын облыстық, республикалық деңгейге көтеру жоспарлануда.
Берік Байболов, ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы.