МАҢЫЗДЫ :

nothing found

АРҒЫН, ҚАРАУЫЛ ДҮЙСЕН БИ ЕСЕНБЕРЛІҰЛЫ

Арғын–Қарасопы–Қарауыл Көкшетау өңірінде ғана емес, Арқа төскейінде қаусырма жақ, қызыл тілді шешендігімен, қыран, сұңқар баулыған саятшылығымен ел ілтипатына бөленген қарауыл Жаулыбайтегі Дүйсен би XVII–XVIII ғасырлардың тоғысында өмір сүрген айтулы тұлға. Халқымыздың ауызы дуалы данагөйі Қаз дауысты Қазыбек биден тәлім-тәрбие алып, ел ішіндегі дау-шарға, билікке ерте араласқан Дүйсен би атадан балаға мирас болған саясатшылық салт-дәстүрімізді қадірлеп-қастерлеудің жарқын үлгісін көрсете білді. Әйгілі «Алабас» бүркітімен әбжыланды алғаны туралы аңызды бүгінгі күні Көкше өңірінің еңбектеген баласынан самалын ақ қырау шалған қариясына дейін жыр ғып айтады. Бертіндері құс еркесі «Алабас» жайлы жыр дүлділі Үкілі Ыбырайдан бастап, қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілдері Сарбас Ақтаев, Хамза Абдулин, Төлеген Қажыбай, Айдос Әбутәліпов жыр-дастандар, ғылыми, әдеби еңбектер жазды. Дүйсен биден тараған тоғыз ұл: Қойайдар, Бекше, Ақшабай, Бабас, Тоқсанбай, Үркінші, Дүңкелді ұрпақтары 2013 жылы даңқты бабаларының 300 жылдығына арнап ас беріп, «Алабас» бүркітіне ескерткіш орнатты. «Қарауыл Есенберліұлы Дүйсен би» деген арнайы жинақ шығарды. Халқымыздың кемеңгер, перзенттерінің бірі қарауыл Дүйсен би өз өсиетіне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленді. Тарихи бұл деректі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Ғылыми-сараптама кеңесі нақтылы құжаттармен дәлелдеп берді. Біз жинаған өмір деректеріне сүйене отырып, негізінен Дүйсен би жайлы ел арасында жиі айтылып жүрген аңызәңгімелер мен ұрпақтары жайына тоқталмақпыз. (Қанапия Жақып. Өмір өткелдері. – Алматы, «Үш қиян», 2004.) Саятшылықты серік еткен Дүйсен би көзі тірісінде Ақмола, Көкшетау, Ерейментау, аржағындағы Қарқаралы мен Баянауыл, тіпті Орал тауына дейін барып қайтыпты. Міне, осындай бір кезеңде атақты құсбегі Шорамен кездесіп, дос болады. Жалайыр тұқымынан шыққан Бейімбеттің ұрпағы Шора мен Ескелді батыр ағайынды болса керек. Олар Төле бидің жиені Ұлбикеден туып, елге құрметті кісілер қатарында болған. Атақты Шора Жылкелдіұлы жұрт алдында өзі баптаған жас алабас бүркітті Дүйсен биге тарту еткен.
Бұл дерек тарихшы Б. Батырашұлының «Он екі ата жалайыр» – деген еңбегінде айтылған. Жылкелді батыр жалайыр тұқымын 1723 жылғы ала дүрмектен аман алып шығып, оңтүстікке ығысады. 1729 жылы Абылай ханмен бірге қалмаққа қарсы шайқасқа қатысады. (Ақтаев С. «Ақиқат» журналы, №8, 2010.) Дүйсен бидің елге танылуына Қаз дауысты Қазыбек бидің Жанбике атты қызына үйленуі үлкен әсер етіпті. Бірінші әйелі Құндыздан бір-ақ бала Қойайдар ғана туады. Жанбике көп жыл құрсақ көтермей, Түркістанға барып Әзірет Сұлтанның басына түнейді. Осы сапардан елге оралғаннан кейін, аруақ жебеп тоғыз бала көтеріпті. Тұңғыш баласы Бекше, сосын Ақшабай, Бабас, Тоқсанбай, Сексенбай, Кенжебай, Үркінші туса керек. Қалмақтармен арадағы даулы мәселені әділ шешкені үшін олар Дүйсен биге қалыңсыз қыз береді. Одан бүгінде Дүнкелді ұрпағы тарап отыр. Бұлардың нақты туған жылдары әзірше белгісіз, шамамен 1740–1750 жылдардың арғы-бергі жақтары. Дүйсен билікке араласып, елдің құрметіне бөленіпті. Атысқандар мен шабысқандар, таласқандар мен тартысқандар, қыз алып қашу мен мал-мүлкінен айрылғандар, барымта мен бақталастықтың қайнап тұрған уақытында қара қылды қақ жарған әділдік айту, шешімін орындату аса шеберлікті қажет етеді. Қаз дауысты Қазыбек биден алған тәліммен дұрыс шешім шығарып, ел арасында әділ би Дүйсен атаныпты. Дүйсен би балаларының алды Қойайдар алғыр, төзімді, табанды кісі болған. Жастайынан әкесінің қасында жүріп, көп нәрсені үйреніп, қандай қиындықтар болса да бірге өткізген. Әкесі сыртта жүргенде үйдегі ішкі шаруаны шыдамдылықпен, тып-тиянақты орындап отырған. Елге келген сырт меймандарды қонақжайлықпен қарсы алып, құрмет көрсете білген. Бүгінгі күні Қойайдардан тараған алты ата: Ажы, Қарақұл, Көкеқұл, Бота, Боздақ, Сандық батыр ұрпақтары Қылшақты өзенін жағалай қоныс тепкен Кеңеткөл ауылында тұрып жатыр. Ұрпақтары арасынан елге қорған болған айтулы азаматтар шықты. Мәселен, Ажының баласы Байтас атағы алысқа жайылған әйгілі ақын, айтыскер, шешен адам болыпты. Көкеқұлдың немересі Босқынбай атақты әулие, көріпкел адам болған. (Бекенов Ж. Алабас-аңыз ізімен// Қазақ әдебиеті. 1998. 18 мамыр.). Осы Босқынбаймен бірге туған Сүлеймен Ақан сері әнге қосқан Балқадишамен дәм-тұздары жарасып, шаңырақ көтерді. Дүйсен бидің Үркінші баласынан тарайтын ұрпақ Кеңеткөл ауылын өздерінің талбесігі санайды. Дүйсен бидің тоғыз ұлынан тараған ұрпақтарының бүгінгі қол жеткен жетістіктері, шыққан биіктері жайлы аса көп сөз қозғаған жоқпыз. Абылай хан дәуірінің ұлы перзенттерінің бірі Дүйсен би жайлы айтылар әңгіме мұнымен шектелмесе керек. Қарауыл Дүйсен бидің есімі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар тізіміне 2011 жылы 4 ақпанда №3 ғылыми кеңес шешімімен енгізілді.
Алдыңғы ақпарат

ТУР ҚҰНЫНЫҢ 20% — НА ДЕЙІН ҚАЙТАРУ: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ АСХАТ ОРАЛОВ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ТУРИСТІК КЕШБЭК ЕНГІЗУДІ ҰСЫНДЫ

Келесі ақпарат

Кісе белдік