МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Қылует жерасты ғибадатханасы» және оны қалпына келтіру жұмыстарының негіздері

Түркі әлемінің сарқылмас даналығы мен қасиетінің қайнар көзіндей, халқымыз көзінің қарашығындай, ары мен адалдығының қасиетті қорғанындай болған ұлы бабамыз, ислам сопылық ағымының ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауи басына тұрғызылған кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы құрамындағы баға жетпес тарихи ескерткіштердің бірі –«Қылует жерасты мешіті».

Бабаларымыздың қасиетке толы қастерлі де, құдірет пен киеге толы сара жолының тууы, қалыптасуы мен дамуының бастауы «Қылует Жерасты ғибадатханалары» болған. Жерасты «Ғар» мешіттері музей-қорық аумағында 4 жерде орын алған. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда қалпына келтіріліп, зияратшылардың назарына ұсынылып отырған «Үлкен Қылует» жерасты мешіті, «Әулие Құмшық Ата», «Шілдехана» және Ахмет Ясауи кесенесінің Мешіт бөлмесінің батысында, 20 метрдей жерде орналасқан, 1972-73 жылдары археолог Т.Н.Сенигова тарапынан археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біршама мәліметтер ұсынылып, қайта консервацияланған «Кіші қылует» жерасты құрылысы.

Біздің сөз еткелі отырған «Үлкен қылует» жерасты мешіті 1942 жылы бұзылып, кірпіштері басқа нысанды салуға пайдаланар алдында, 1941 жылы скульптор-архитектор А.Л.Шмидт «Жерасты қылует мешітінің» түпнұсқалық көрінісінің макетін жасап кеткен болатын.

Бұл ортағасырлық құрылыс турасында осы макет негізінде ең алғаш археолог А.Н.Проскурин мен кейінірек,Б.Тұяқбаева мақала жариялаған болатын. 1994 жылы аталмыш ескерткіш «Свод памятников истории и культуры Казахстана» атты басылымның Оңтүстік Қазақстан облысы бөліміне арналған баспасында тарихи ескерткіштер қатарына енгізілді. 1996 жылы археолог М.Тұяқбаев аталмыш ескерткішке қатысты мақала жариялады. Саз, ағаш, қағаз, папье-машеден жасалған бұл макет алғашында мұражай қорының көмекші жәдігерлер қорында болып, 2003 жылы мұражай қорында жүргізілген ғылыми сараптама комиссиясының және ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің №02-4/1705 хатына сәйкес негізгі жәдігерлер қорына ауыстырылды. Макеттің өлшемдік қатынастары өте дәлдікті сақтай отырып жасалғандығы кейінірек, 1972-73 жылдары археологтар Т.Н.Сенигова, 1979 жылы Е.А.Смағұлов және 1999 жылы М.Қ.Тұяқбаевтар жүргізген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде расталды.

Археологиялық қазба жұмыстары осы көпфункционалды ғимараттың 3 құрылыс кезеңдерінен тұратындығын анықтады. Құрылыстың ең көне бөлігі жерасты «Ғар» бөлмесі ХІІ ғасырға тән болса, оған жапсарлас салынған бірнеше бөлме ХV-XVI ғасырларда, ал қалған бөлігі XVII-XIX ғасырларда салынған. Қылует жерасты мешіттерінің қазақ жерінде исламның, сопылық идеологияның таралуына үлкен үлес қосқандығы тарихтан белгілі. Бұл тұрғыда Қылует жерасты мешіттері ұлт идеологиясын, Нағыз Адам (Кәміл адам) тұлғасын қалыптастыратын шеберхана болған.

«Халуат — خَلْوَة» сөзі арабтың خلو етістігінен туындап, жалғыз қалу, оқшаулану, құпиялану деген мағыналар береді. Жерасты мешіттерін салуды Х ғасырда ислам сопылық ағымының бір тармағы — Халуатия ағымы қалыптастырған. Ортодоксалды Ислам ағымдары сопылық ағымдардың идеологиясымен келіспей, оларды діннен шыққандар деп қудалай бастағанда, олар еріксіз, өздерінің ілімін тарататын орындарды көзден таса жерлерде, яғни жер астынан қазып сала бастайды. Бұл сопылық терминнің араб тілінде қолданылатын тағы бір мағынасы, «خِلْوة – Хилует сөзі» еркін, бос деген мағына береді. Яғни сопылық жолға түскен адамның дүниедегі күйбеңнен ада болып, еркін адам ретінде Алламен байланысқа түсуі. Кейіннен бұл үрдіс сопылық ағымның негізгі шарттарының біріне айналды деген пікірлер де бар. Алайда «ҚЫЛУЕТ» сөзінің оқшаулану, жеке қалу деген мағыналарының сопылықтың басты принциптерінің бірі — қоғамнан оқшауланып (белгілі бір уақытқа), жеке қалып өз «Мені» және бойындағы тылсымды танып, Алламен қауышудың жолын табуға тырысу деп түсінсек, олардың жер астынан қазылып салынуы тек қудалаушылардан жасырын ғибадат ету ғана емес, сопылық ағымдағы өз рухын жетілдірудің дара жолы екендігін аңғаруға болады.

Жерасты «Қылует» мешіттері «Ғар» бөлмелері негізінде салынып отырған. Яғни алғашқыда сопылық ағымның мүршиді ілімді тарату мен дамыту, өз рухын кемелдендіру мақсатында жерасты «ғар» бөлмелеріне түсіп отырған. Кейінірек, осы ілімді дәріптеуші тәліптер ғар бөлмесі үстіне ғибадатханалар салатын болған. Араб тілінде «غَار-ғар» сөзі — үңгір мағынасын береді. Сопылық терминологияда бұл сөздің мағынасы — жағалау, еру, жеке дара жол табу деген мағыналар береді. Мұхаммед пайғамбар 40 жасқа толған шағында Алладан келген ең алғаш илахи уахи — қасиетті Құранның бес аяты да пайғамбарға Хира үңгірінде. Жерастынан «ғар» бөлмелерін қазып, Аллаға ғибадат ету үрдісі осы жағдайдан туындаған болса керек.

Қылует жерасты мешіттерінің «ғар» бөлмелері негізінде салынып отырғандығын ескерткіште түрлі уақытта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Т.Н.Сенигова, Е.А.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев сынды археологтардың тапқан дүниелері да растайды. А.Л.Шмидтің көшірме нұсқасындағы 18 бөлмеден тұратын кешендік құрылыстың ең көне бөлігі «ғар» бөлмесі мен оның үстіне дөңгелек етіп салынған мешіт бөлмесі ХІІ ғасырда салынған болса, қалған бөлігі XIX ғасырға дейін қажеттілікке қарай салынып отырғандығы археологиялық зерттеулер нәтижесінде анықталды. Көріп отырғанымыздай жерасты қылует мешіттері «ғар» — үңгір ғибадатханалары негізінде салынып, уақыт өте келе түрлі мақсаттағы қосымша құрылыстар қосылып отырған.

Халқымыз қашан да тау-жартастардағы үңгірлерді тылсым күш пен кереметтер мекені деп құрмет тұтқан. Еліміздің батыс аумағында сопылық ілімді ұстанушылар мен таратушылар өз ғибадатханаларын жартастарды ойып үңгірлер ішінде салып отырғандығы да осыдан туындағанға ұқсайды. Қалай болғанда да бұл терең де тыңғылықты ізденістерді қажет ететін тақырып.

Біз сөз етіп отырған «Жерасты Қылует ғибадатханасы көпфункционалды діни-рухани құрылысы архелогиялық қазба жұмыстары мен 1942 жылы А.Л.Шмидт жасаған макет негізінде атқарылған реставрациялық қалпына келтіру жұмыстары, ұлтымыздың рухының жол бастаушысындай болған, асыл жаухарымыздың халқымызбен қайта қауышуына мүмкіндік берген негіздер болды.

Т.Жолдасов, кіші ғылыми қызметкер.

 

Алдыңғы ақпарат

Ағаш оюы сәндік-қолданбалы мұраның бөлігі ретінде

Келесі ақпарат

«Кіші Қылует» мешіт-ғибадатханасы