Бүгін Түркістан тарихы музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Кентау қалалық музейі, №14 Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясы және С. Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейдің бірлесуімен «Ұлы Жеңіске 80 жыл» тақырыбында көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көрмені «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ С. Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музей директоры Айгүл Исабекова көрмеге қойылған экспонаттар жайында баяндады. Ал Кентау қалалық музейінің қор сақтаушысы Зилола Нарзуллаева соғыс жылдарына тән тарихи деректермен бөлісті.
Шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаз бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, экскурсиялық қызмет бөлімінің экскурсоводы Айнашұр Әлиева көрме қонақтарына экспонаттар туралы жан-жақты мәлімет беріп, экскурсия жүргізді.
Ұлы Отан соғысына елімізден 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанса, олардың жартысынан көбі, яғни, 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Түркістан өңірінен 18 547 азамат соғысқа қатысқан.








