МАҢЫЗДЫ :

nothing found

КИЕЛІ ТҮРКІСТАННАН ЕЖЕЛГІ ТАРАЗҒА САПАР

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми экспедиция мүшелері Жамбыл облысына арнайы іссапармен барды.

Киелі Түркістаннан тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласына ат басын бұрған экспедиция тобы XI-XII ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіштерінің жауһары, аңыздарға сүйенсек Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын оқыған қасиетті Қарабураның ұрпағы Айша бибі және оның сенімді серігі болған Бабаджа хатунның кесенелеріне барып, тарихымен танысты.

Сапар барысында қаншама ғалымдар мен зерттеушілердің назарын өзіне аударған сыры мен жұмбағы көп Ақыртас сарай кешенін аралаған экспедиция мүшелері тәжірибе алмасу мақсатында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мамандармен пікір алмасты.

Осы орайда ұжым қызметкерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылып «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы Жамбыл облысына бағыт алған сапардың мақсаты мен қорық-музей аумағында рухани жаңғыру жолындағы тарихи ізденістер, атқарылған және жоспарланған жұмыстар жайлы мәлімдеді.

Жиын аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов пен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Бықыбаев ұжымаралық байланысты нығайту, тәжірибе алмасуды қолға алу туралы бірқатар мәселелерді шешуге уағдаласты.

Жамбыл облысындағы сапар «Көне Тараз» қалашығы мен Ежелгі Тараз қаласының батыс аумағында орналасқан діни мемориалдық кешендер — ортағасырлық Қарахан мен Дәуітбек кесенелері жайлы тарихи деректермен танысуға ұласты.

Айта кетсек, Түркі әлемінің тұлғасы Қожа Ахмет Ясауидің тарихын қайта түгендеу, балалық шағынан бастап шәкірттері мен замандастарына дейінгі толыққанды мәліметтерді топтастыру, тың деректер іздеу мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Ясауи ізімен» тарихи-деректі экспедиция Сайрам, Созақ өңірлерінде жүргізілген болатын. Алдағы уақытта Ясауидің ұстаздары мен Қазақстандағы және 100-ге жуық елге таралған шәкірттері жайлы зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасын табады.

Алдыңғы ақпарат

Отырарда соғылған Шағатай дирхемдері көмбесі

Келесі ақпарат

Меңдуана ата кесенесі, ХVІІІ-ХІХ ғғ.