ҒАШЫҚ ЖҮСІП АТА ЖАЙЛЫ АҢЫЗ-ӘПСАНАЛАР

Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған.

Аңыз-әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша  Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді.

Иқан ауылының тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы  бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда  Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған.  Ахмет Ясауи  Иқанға келгенде  Жүсіп ата оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті.  Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.

Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз-әпсаналар жетерлік.

Сондай аңыздардың бірінде:  Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа  Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмурадария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды.

Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Әзірет Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады.

Жүсіп ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен екен. Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Ясауи  Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұхтар Қожа. Оңтүстік Қазақстанның әулие жерлері / Жинақ. –Шымкент, «Нұрдана -LTD» баспасы -2013; -20 бет
  2. Мурадхан Хашимов. Религиозные и духовные памятники Центральной Азии. –Алматы.«Сага» баспасы 2001 ж. 143 б
  3. Дастанов О. Әулиелі жерлер туралы шындық” 25 б.

Орынбекова Әсем, “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының экскурсоводы.

Алдыңғы ақпарат

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ РУХАНИ МҰРАЛАРЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

Келесі ақпарат

ЖАППАС, ҚҰРМАНАЙ ТҰРДЫҚҰЛ БИ ҚОЖАМҚҰЛҰЛЫ (ҚҰРМАНТАЙҰЛЫ) (1894–1895 жж.)