МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҒАШЫҚ ЖҮСІП АТА

Жүсіп ата кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан ауылында орналасқан. Кесенені зерттеу жұмыстарын 2007 жылы археолог ғалым Марат Тұяқбаев жүргізген. Қазба жұмысы және сақталған бөлігін зерттеу нәтижесінде 2008-2010 жылдар аралығында қайта қалпына келтірілді.
Жүсіп ата кесенесі екі бөлмеден тұрады, оның оңтүстік шығыс бөлігі — Қабірхана. Ол алғашында (ХІІғ.) тек Жүсіп атаға арналған 4×4 метрлік кесене болған секілді. Кейіннен жаңа кесене тұрғызылған соң, оның қасына шәкірттері, туыстары қайта жерленген болуы мүмкін. О.Дастановтың «Әулиелі жерлер туралы шындық» (Алматы 1968ж.) деген еңбегінде Жүсіп ата кесенесі ХVІ ғасырда тұрғызылған және кесене бұзылып қалған соң, жергілікті халықтың қаржысымен 1905 жылы қайта тұрғызылған деген дерек кездеседі.
Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаға қатысты тарихи шежіренің бір бөлігі мен арнайы мөр басылған құжаттар табылды. Шағатай тілінде жазылған қолжазбаның ұзындығы – 3,5 метр. Сақталуы орташа деңгейде. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұрпақтары атадан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап келген. Ахмет Яасауидің өзі оған қонақ болып бір келгенде «Сенің әулетіңе керемет қонған, төртінші ұрпағың Камалиддин Шайх керемет зор әулиелікке жетеді» дейді. Камалиддиннен Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин, одан осы шежірені айтушы Румхан деген кісі қалған. Омар мен Сыддықтың ұрпақтары да осы Иқанда тұрады. ХІІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп атаның Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені екені айтылған. Жүсіп атаны ұстазы Қожа Ахмет Ясауи және жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атайды, бұл «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылы сол кездің өзінде бау-бақшамен айналысқанын аңғаруға болады. Шежіреде Иқан халқының бақша жұмысымен айналысуы және Жүсіп атаның Қожа Ахмет Ясауи бабамызға келе жатқан қонақтарды қарсы алып, 12 түрлі жүзім түрлерімен күтіп жіберетіні жайлы сөздер қалған.
Әділхан АЛТАЕВ, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.
Алдыңғы ақпарат

ХАЛЫҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ НАСИХАТТАЛДЫ

Келесі ақпарат

Музей қорындағы ХІІІ ғасырға тән Алтын динарлар