«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейінің ұйымдастыруымен 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым — асыл қазынам» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Шараға қорық-музейде еңбек етіп жүрген аға буын өкілдері қатысты. Мерекелік басқосуды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы құттықтау сөзбен ашып беріп, Түркістанның тарихын түгендеуге үлес қосып, мұраларын сақтап, жұртшылыққа таныту жолында аянбай еңбек етіп жүрген ардагер қызметкерлерге алғысын білдірді.
Жиын аясында Түркістан қаласындағы жас өнерпаздар дәстүрлі әндер орындап, көркемсөз шеберлері өлеңдер оқып берді.
Ұжымның арнайы ілтипатына қариялар атынан алғысын білдірген белгілі айтыскер ақын, қорық-музейдің редакторы Әбдікерім Манапов жүрекжарды өлеңін арнаса, барша қонақтар Шәмші Қалдаяқовтың әндерін қосыла шырқады.
Шара барысында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде еңбек еткен ардагерлер және олардың еңбектері жайлы көрме ұйымдастырылып, бейнефильм көрсетілді.