Музей қорындағы «Альфикх-уль Акбар» кітабы — аса маңызды құндылықтардың бірі

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейінің қорында  «Альфикх-уль Акбар» – «Ең терең білім» атты кітап сақтаулы.

Кітап ақайыдд–құдайтану ілімі туралы. Кітап-жинақтың «Фикһуль Акбар» бөлігінің авторы Имам Ағзам  699-700 (80 х.ж.) шамасында Куфа қаласында туылып, 767ж. (150 х.ж.) Бағдад қаласында қайтыс болған.

Кітаптың авторы Имам Ағзам Абу Ханифа  азан шақырып қойылған аты ән-Нұғман болғанымен, халық оны «Әбу Ханифа» деп атап кеткен. Ғасырының танымал, беделді, ірі ғалымы болғандықтан халық оны «Имам Ағзам» деп те атайтын. Бағзы замандарда имам деп аса білімді, әрі тақуа кісілер айтылатын. «Имам»– жетекші, басшы, ұстаз, данышпан деген мағыналарды да береді. Ал, «Ағзам» сөзінің айбынды, ең зор, ең үлкен, ұлық, теңдесі жоқ деген мағыналары бар. Шынында да, Имам Ағзам мұсылмандардың жетекшісі, ғалымдардың басшысы, білім мен тақуалықта теңдесі жоқ данышпан, айбынды, әрі ұлық ұстаз еді.

Бұл кітап аса маңызды еңбек. Исламдағы төрт мазхабтың бірі Ханафия мазхабын ұстанушыларға арналған. Ислам діні мұсылман елдерінің территориялық орналасу жағына байланысты мазхабтарға (мектептерге) бөлінген. Мазһаб – араб тілінде «баратын жол», «лайықты көзқарас», мағыналарын білдіреді. Ислам дінінде ханафи, малики, шафиит және ханбали деп аталатын негізгі мазһабтар бар. Ханафия мазхабын Түркия, Татарстан, Сібір, Орта Азияда өмір сүріп жатқан халықтар ұстанады.

Фикх-уль Акбар еңбегі барлық мұсылман халықтарына ортақ кең түсінікпен жазылғанымен, оны ханафия мазхабын ұстанушылар кеңінен қолданады.

Ханафия мазхабы ХІІІ-ХІVғасырларда Орта Азияға кең тараған, алғашқы құрылған сунни фикһ мектебі. Бұл мазхабтың құрушысы Имам Ағзам Әбу Ханифа болғандықтан Ханафи мазхабы деп те аталады. Мазхаб Иракта пайда болып, Аббасилер дәуірінде Әбу Юсуф бас қазы болған кезде ресми мазхабқа айналды. Имам Әбу Ханифаның (р.х) мазхабы бойынша «Тәухидтің негізі және дұрыс сенудің жолы «Мен Аллаһқа иман келтірдім және оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, өлгеннен соң тірілуге, тағдырға, жақсылықпен жамандықтың Аллаһтан екендігіне, хисаб, мизан, ұжмақ және тозаққа иландым, бұлардың бәрі тегіс хақ-дүр» делінген.

Өйткені әрбір мұсылманның дұрыс сенімде болуы үшін алдымен Ақайыд (сенім саласын) және Иманның Фикһын үйренуі керек. Кітаптың негізгі тақырыбы – «Таухид (Алланы бір деп білу) негізі және оған деген көзқарас».

Имам Ағзам, мақала өзегі болып отырған әл-Фиқһул-Әкбар атты еңбегінде, әуелі мұсылмандардың біліп әрі сенуі қажет болған иман негіздерінің өзекті мәселелерімен сөз бастаған. Әрбір мұсылман пенде осыларды шын жүрегімен иланып және ең болмағанда бір рет болса да иқрар растауы парыз болып табылады. Өйткені иман ету бұйырылған мәселелер осы алты негізде жинақталған.

Бұл кітапты музей қорына Наманган облысының Үйсін ауданындағы Ленин колхозының тұрғыны Жаллетдинов Камаллетдин өткізген.  Қолжазба 1252х.ж. (1836-37жж.) көшірілген. Көшірушісі белгісіз. Бұл еңбек жинақ кітаптың ішінде берілген. 6 беттен тұрады. Әр бетте 15 жолдан берілген. Настағлик үлгісімен жазылған кітапқа шығыс парағы қолданылған. Тақырыбы қызыл киноварьмен, тексті қара сиямен жазылған. Мулла Мұхаммед Ғалим саххаф тарапынан 1254х.ж. (1838-39жж.) түптелген. Өрнектелмеген. Көркем жазумен жазылған.

Жанысбаева Айнұр,
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қор сақтау бөлімінің қызметкері

Алдыңғы ақпарат

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қарияларға құрмет көрсетті

Келесі ақпарат

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА АРНАЙЫ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ