Жәудір ана мешіті

 

ХХ ғасыр басындағы Түркістан қаласы мен оның маңындағы 62 мешіттің ең көнесі және ең атақтысы – Жәудір (Қажы Ахмет) мешітмедресесі қарапайым махаллә мешітінен қарылар дайындайтын оқу орны дәрежесіне дейін көтерілген бірден-бір діни орталық.

ХІХ ғасыр 40-шы жылдары Түркістан мешітінде сауатын ашып, емші атанған Жәудір ана туралы келесідей дерек бар. Түркістанға келген Жәудір ананың кейінгі ғұмыры осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткен екен. Медреседе дәріс беріп, бақ өсірген. «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы» болғандығы туралы көнекөздер көп есте сақтаған. Айналасын гүлзар баққа айналдырған, дәріс берген ананың өнегелі істері ел жадында жатталып қалған. Кәдірбай Сармолдаевтың естелігіне сүйеніп жазылған С. Байдаулетовтың зерттеуінде Жәудір ана туралы мынадай деректер келтіріледі. Онда «Әзберген ақынның бабаларының айтуынша елдегі мешіт ұстайтын Әжі Ахмет әулетінен аяқ-қолы кеміс қыз туады. Сол қыз кеселінен айығып, бойжетіп Әжі Ахмет мешітін ұстайды» деген өсиет сөз қалған. Тақуа көріпкелдің айтқаны айдай келіп, 1810жылы Әжі Ахмет әулетінен аяқ-қолы кеміс қыз туылады. Қыздың бабалары осы Әжі Ахмет әулетінен тарайтын Қарақағай батыр. Қарақағай батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқан Әбілхайыр ханның замандасы, кіші жүздің батыры Тайлақ батырдың туысы, әрі ізбасары еді. Осы Қарақағай батырдан 9 ұл туған, үлкен ұлы Көкен, Көкеннен Ораз, Дүзей, Қойбасар, Төлежандар дүниеге келген. Ораздан соң Шоң, Жәудір туылады. Жәудірдің аяқ-қолы кеміс болып, кейін 10 жасқа толғанда түзелген, 15 жасында атақты сұлу атанады, 18 жасында тұрмысқа шығады да бұл некеден бір қызы болады. Бірақ, аласапыран заманда жолдасынан, кейін қызынан айырылады. Осындай қайғы-қасіреттен соң, Жәудір апамыз Түркістанға оралып, екі рет Меккеге барып келіп, осы Түркістанда Әжі Ахмет медресесінде сауатын ашып, құшнаш атанып, шамамен 1840 жылы бабасының мешіт-медресесін қолға алады. Бұл кезде Жәудір 30 жаста болған. 1850 жылы Әжі Ахмет мешіт-медресесіне Жәудір апамыз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жылдардан бастап Әжі Ахмет мешіт-медресесі Жәудір мешіт-медресесі (Жәудір көшесі) деп атала бастайды. 1914 ж. Сәтбай, Самұрат болыстар Түркістанға келіп, жасы 104-ке келген Жәудір ананы «мешіт ашып, үлгі көрсетіңіз» деп еліне алып барады. Жәудір ананың оларға қойған шарты бала оқытып, мешіт салу болған. Дерек бойынша, Жәудір ананың шартымен, Қостанай жерінде, Қамысты ауданында Қарасу, Кіндікті өзендері аралығында жатқан Әзім әулиенің жанынан мешіт салынады. Ел аузындағы деректерге сүйенсек, Жәудір ана 1918 жылы 108 жасында қайтыс болып, Әзім әулие қорымы жанына жерленеді. Сол кездегі саяси ахуалдың қиындығынан Жәудір ананы Түркістанға алып келіп жерлеуге мүмкіндік болмаған. Қостанай өңірінде болыстардың көмегімен тұрғызылған «Жәудір мешіті» 1932 жылы Совет үкіметінің шолақ белсенділері тарапынан қиратылады. Түркістандағы қариялардың айтуынша, Жәудір мешітінің 3-4 бөлмелі, керемет нақышты, шығысқа тән салтанатты, өте биік, зәулім сарайдай, мұнаралы екендігін және биіктігі екі үйдей болғандығын, оның жанында медреседен бөлек ұзақтан келген шәкірттер үшін бөлек жатақханасы болғандығынан хабардар боламыз. Мұны Ә.Дербісәлінің «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» деген еңбегінің «Медреселер» атты бөлімінен оқып білуге болады. 1929-1933 жылдары Әжі Ахмет Жәудір мешіт-медресесін бұзып, қыштарын Түркістан қаласындағы май зауытының қадесіне жаратқан.

Алдыңғы ақпарат

Құрбандық тасы, б.з.д. ІV- б.з. І ғғ

Келесі ақпарат

Домалақ ана